Маңғыстау облысының республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарында дрондар арқылы 220 жүргізушінің жол ережесін бұзғаны анықталды. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Қазір тасжолдарда жол қозғалысын бақылау үшін сегіз ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылып жатыр. Олар жолдағы ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға және заңбұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді. Жаңа технологияны ауқымды түрде қолдану нәтижесінде жыл басынан бері 220 автокөлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Дрондардың көмегімен қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шыққан, көлік жүргізу кезінде ұялы телефонмен сөйлескен, жол белгілері мен жол таңбаларының талаптарын сақтамаған жүргізушілер анықталған.Сондай-ақ жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзған және жолда қауіпті маневрлер жасаған азаматтар да бақылау камераларына іліккен.
Жауапты органдардың мәліметінше, автожолдардағы әуе патрульдеу жұмыстары жалғасады. Алдағы уақытта дрондардың ұшу аумағы кеңейтіліп, жол қозғалысын бақылау ауқымы арта түспек.
