Павлодар облысында шенеуніктер тұрғын үй кезегіне қою кезінде жетім баланың құқығын бұзған,—деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Облыстық соттың баспасөз қызметі берген мәліметінше, 2008 жылы Павлодар облысының тұрғыны, ата-анасының қамқорлығысыз қалған Б. балалар үйіне орналастырылған. Тек 2014 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығысыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй алу үшін есепке қойылған. Ал 2023 жылы уәкілетті орган Б.-ның басқа елді мекенге тұрақты тұруға көшуін сылтауратып, оны кезектен шығарып тастаған.
Талап қоюшы сотқа дейінгі тәртіппен 2008 жылдан — балалар үйіне қабылданған сәттен бастап есепке қою құқығын қалпына келтіруді талап еткен.
Алайда оның бірнеше рет тиісті орындарға жасаған өтініштеріне қарамастан, Б.-ны кезекті тек алғаш есепке қойылған күнінен, яғни 2014 жылдан бастап қалпына келтірген. Бұл шешіммен келіспеген талап қоюшы 2008 жылдан бастап баспана алу үшін есепке тұру құқығын тану туралы талап арызбен сотқа жүгінді.
Сот қамқоршылық функцияларын жүзеге асырған органдар мен ұйымдар тарапынан міндеттердің тиісті түрде орындалмауы салдарынан Б.-ның кезектен тыс кешіктіріліп есепке алынғанын анықтады. Уақытында есепке тұрмау талап қоюшының кінәсінен меес деген шешімге келген. Кәмелетке толмағандықтан, ол баспана алу құқығын өз бетінше жүзеге асыру мүмкіндігінен айырылған», — делінген хабарламада.
Айта кетерлгі Б. тәрбиеленген балалар үйі қазіргі уақытта таратылған.
Сот процессі кезінде уәкілетті орган талап қоюшының патронаттық тәрбиеде болғаны туралы істің құқықтық бағасына әсер етуі мүмкін дәлелдемелерді ұсынған жоқ. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның ережелеріне сәйкес, заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж деп танылған және есепке алынған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар баспана алғанға дейін есептен шығарылуға тиіс емес.
Лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері талап қоюшының конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соққан.
Сот мемлекеттік органдардың әрекетсіздігін де, бөлек лауазымды тұлғалардың әрекеттерінің заңсыздығын да анықтағандықтан, Б.-ның балалар үйіне қабылданған күнінен бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқықтарын қалпына келтірілді. Шешім заңды күшіне енді», — деп атап өтті Павлодар облыстық сот қызметі.
