Шымкент қаласында қоймалардың бірін тексеру барысында Ariel, Tide және «МИФ» брендтерімен заңсыз таңбаланған контрафактілік кір жуғыш ұнтақтарды сату дерегі анықталды. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Тексеру барысында тауар таңбалары құқық иелерінің рұқсатынсыз пайдаланылғаны белгілі болды. Мұндай әрекет зияткерлік меншік туралы заңнаманы бұзып қана қоймай, тұтынушыларды өнімнің шығу тегі мен сапасы жөнінде жаңылыстыруы мүмкін.
Осы факті негізінде кәсіпкерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Іс материалдары тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.
Заңнамаға сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін жалған таңбаланған тауарларды тәркілеу және әкімшілік айыппұл салу көзделген.
Уәкілетті орган кәсіпкерлерді заң талаптарын сақтауға, ал тұтынушыларды тауар сатып алу кезінде өнімнің түпнұсқалығы мен сапасын растайтын құжаттарды тексеруге шақырды.
