ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті жергілікті тұрғынның заңнамада көзделген лицензиясыз мүлікті кепілге қойып қарыз беру қызметін ұйымдастырғанын анықтады,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Күдіктіге қатысты сот үкімі шықты.
Клиенттерді тарту үшін OLX және Instagram платформаларында жарнамалар орналастырылған.
Ол азаматтардың ауыр материалдық жағдайын және екінші деңгейлі банктерден несие ала алмауын пайдаланған ол жылдық мөлшерлемесі 120%-ға дейін жететін жоғары пайызбен қарыз берген.
Сонымен қатар, нотариат куәландырған шарттарда қарыздың нақты сомасы емес, алдын ала есептелген сыйақы, ресімдеу шығындары және өзге де төлемдер қосылғандықтан, негізсіз ұлғайтылған сома көрсетілген.
Мәселен, жәбірленушілердің бірі іс жүзінде 9 млн теңге алғанымен, шартта 14 млн теңге көрсетілген. Кейін 18 млн теңге көлеміндегі қарызды көздейтін тағы бір шарт жасалған. Алайда бұл шарт бойынша оған ешқандай қаражат берілмеген. Кейін сот шешімімен жәбірленушіден 26 млн теңге өндірілген. Заңсыз әрекеттердің салдарынан 50-ден астам азамат өздері үшін тиімсіз шарттармен қарыз міндеттемелеріне тартылған. Қылмыстық жолмен алынған кіріс 1 млрд теңгеден асқан,-делінген ҚМА агенттігі берген ақпаратта.
Сот үкімімен ол 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
