Еуропа елдеріндегі қатты аптап ыстыққа байланысты Париждегі Эйфель мұнарасы мен Лувр мұражайы сияқты танымал туристік орындар әдеттегіден ертерек жабылып жатыр, — деп хабарлайды jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Франция және Еуропаның едәуір бөлігі адам өміріне қауіп төндіретін аптап ыстықты бастан өткеріп жатыр.
Экстремалды температура күнделікті өмірге әсер етіп, мектептердің жабылуына және пойыздар қатынасының тоқтатылуына себеп болуда.
Сақтық шаралары әлемдегі ең көп келетін туристік нысандарға да енгізілді. Мәселен, Парижде Эйфель мұнарасы аптап ыстыққа байланысты уақытынан бұрын жабылып, көптеген туристердің жоспарын өзгертті.
Америкалық турист Тамара Дансер екі ай бұрын билет сатып алғанын, бірақ сапары соңғы сәтте тоқтатылғанына қынжылысын білдірді.
Ал кейбір саяхатшылар ыстыққа қарамастан сапарларын жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.
Солардың бірі Калифорниядан келген туристер Карлин мен Кэрол:
Біз ыстықтың сапарымызды бұзуына жол бермейміз. Біз бұл жердің бәрін әлі де аралап көруіміз керек, — дейді.
