Жергілікті полиция қызметкерлері ірі есірткі сатушының қызметін тоқтатып, заңсыз айналымнан синтетикалық есірткілер партиясын тәркіледі,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық — сараптамалық порталы.
Алынған есірткінің құны қара нарықта шамамен 30 млн теңгені құрайды.
Тексеру барысында Ақмола облысының 47 жастағы тұрғыны тыйым салынған заттарды сақтап, оларды буып-түюмен айналысқаны анықталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткімен күрес полицейлері күдіктіні облыс орталығының аумағында ұстады.
Автокөлікті тінту кезінде психотроптық заты бар екі полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Сонымен қатар тергеу іс-қимылдары барысында күдікті Көкшетауға синтетикалық есірткінің ірі партиясын жеткізгені анықталды, оны шағын дозаларға бөліп, одан әрі тарату үшін жеткізуші-курьерлерге беруді жоспарлаған.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды, қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайы және ұсталған адамның ықтимал сыбайластары анықталып жатыр.
Фото: ашық дереккөзден
