Үй сатып алушыға алғашқы жарна үшін 1,5 млн теңгенің сертификаты беріледі

Отбасы банк бұл жобаны екі құрылыс компаниясымен бірге іске асырғысы келеді екен. Тиісті меморандумға қол қойылған,-деп хабарлайды JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.

Аталған жоба бойынша барлығы 1 000 дана сертификат бөлінеді.

Оған иелік ету үшін Отбасы банк клиенті сол екі құрылыс компаниясының бірі тұрғызған кешендерден кемі 50 шаршы метр болатын үй таңдауы керек.

Банк өкілдерінің айтуынша, бұл ұсыныс, әсіресе, «Наурыз» бағдарламасына және «Наурыз жұмыскер» бағытына қатысушылар үшін өзекті деседі. Үй аларда бастапқы жарнаны толтыруға қаражаты жетпейтін және дәл қазір қосымша мүмкіндік іздеп жүрген клиенттерге таптырмас мүмкіндік болғалы тұрған көрінеді.

Қазір клиенттердің таңдауы үшін Астанада — 2, Алматыда — 20-дан астам нысан ұсынылып отыр.

1,5 млн теңгенің сертификатын алу үшін:

1. Отбасы банкінен алатын несиеңді алдын ала мақұлдатып алу керек;

2. Жобаға қатысушы құрылыс компанияларынан ауданы кемінде 50 шаршы метр үй таңдау керек;

3. Сол екі компанияның бірімен тұрғын үй сертификатын беру туралы келісімге қол қою керек;

4. Құрылыс салушымен алдын ала сатып алу/сату шартына қол қою керек;

5. Компания сертификат сомасын клиенттің Отбасы банкіндегі жинақ шотына аударады;

6. Клиент заем алуға мақұлдау алады, пәтерді сатып алу/сату шартын жасап, кредитті рәсімдейді.

Сертификаттың қолданылу мерзімі — оны алған сәттен бастап — 6 айға дейін жарамды.