Салық кодексінде дәулеттілерге «сән-салтанат салығы» енгізілмек. Құны 450 млн теңгеден асатын үйлерге салық еселенеді. Ал бағасы 75 млн теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге, сондай-ақ кемелер мен ұшақтарға акциздер енгізіледі. Қымбат алкогольдік сусындар мен темекіге 10% акциздер қарастырылған,-деп хабарлайды JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Алайда депутаттар бұл қатардан бір мүлікті алып тастауын өтінді. Ол жол талғамайтын көліктер.
Жол талғамайтын көліктер негізінен алыс ауылдарға қатынауға, батпақ кезінде немесе қыста қалың қар түскенде мал іздеуге керек. Қозғалтқыш көлемі жоғары бұл көліктерді егін шаруашылығына пайдалануға тиімді. Бұл автокөліктерді сән-салтанат мүлкі ретінде қарауға болмайды. Сондықтан ауыл шаруашылығында тіркелген осы көліктердің біреуін салықтан босатуға қалай қарайсыз?, — деп сұрады депутат Ерболат Сатыбалдин.
Вице-премьер Жұманғарин ұсынысты пысықтап көруге болады деді.
Ауылда жүру үшін жол талғамайтын көлік керек. Оны дұрыс ұсыныс деп түсінуге болады, бірақ артық кетпейік. Ертең біреулерін қолдап жатыр, ал қаладағы бизнесмендерге жеңілдік бермей жатыр деген пайым болуы ықтимал. Бұл тек ауыл шаруашылығына жасаған жеңілдік болсын. Ұсынысты талқылайық, — деді Жұманғарин.