Депутат Мақсат Толықбай Жамбыл облысында бизнесменнің қарапайым халыққа қысастық көрсетіп отырғанын айтты,-деп хабарлайды JurtMedia.kz.
Мәжілісмен Су министрі Нұржан Нұржігітовтен жауап беруді талап етті.
Ал депутат мұны бассыздық деп атап, мән-жайды түсіндірді.
«Бір фазенда үшін бастауын Қырғызстаннан алатын Шу өзенін өзінің қорасына бұрып алу деген не сұмдық? Шу — трансшекаралық өзен. Сырдарияға барып қосылуы керек. Алайда етектегі елге жетпей, Созақ даласы сорға айналғалы бірнеше жыл болды.
Тұрғындардың айтуынша, тас пен топырақтан бөгет салып, өзеннің ағысын тоқтатып тастаған мойынқұмдық бизнесменге сот жоқ. 12 мың ірі қарасы бар дейді.
Дронмен түсірілген фото-видеоларына дейін қолыма ұстатты. Өзен бірнеше жерден заңсыз бөгелген», — дейді Мақсат Толықбай.
Оның сөзінше, маусымда Жамбыл облысына барған сапарында бұл ақпараттың рас-өтірігін премьер Бектеновтың өзі сұраған, алайда жергілікті шенеуніктер мен салалық министірлік бұл «жалған ақпарат» деп Бектеновті кері қайтарған.
«Су ресурстары министрі бұл фазенданы неге қорғаштап әлек? Жағдайды білмей ме, әлде кәсіпкерге сөзі өтпей ме?
Немесе 12 мың сиыр асырайтын шаруашылық министр Нұржан Нұржігітовтың өзіне тиесілі ме?
Тез арада мән-жайды түсіндірмесеңіздер, даласы сорға айналған Созақ ауданындағы 8 ауылдың тұрғындары Астанаға келейін деп отыр», — деді депутат.
Мақсат Толықбайдың айтуынша, өзенді жағалай мекендеген 80 мың халық экологиялық апаттың алдында тұр.
«Созақтықтардың онсыз да уран өндірісінен көріп жатқан экологиялық зардабы аз емес. Су ресурстары министрінен тез арада су реттегіш құралдары мен заңсыз салынған бөгеттерді бұзуды талап етемін», — деді Толықбай.