«Бүгінгі фотосурет – ертеңгі тарих» кітабы жарық көрді

 Жаңа жинақтың таныстырылымы 10 сәуірде сағат 11:00-де, Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасының үлкен мәжіліс залында өтеді,-деп хабарлайды JurtMedia.kz. Ақпараттық сараптамалық порталы.

«Бүгінгі фотосурет – ертеңгі тарих» атты фотокітап, ардагер фотожурналист Қалиғұмар Қабдешұлының 85 жылдық мерейтойына орай дайындалған.

Шараны ұйымдастырушылар: «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы және «Дарын» баспасы Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы.

КСРО және ЮНЕСКО Халықаралық журналистер ұйымының мүшесі, Республикалық, халықаралық фотокөрмелердің жүлдегері, фотожурналист Қалиғұмар Қабдешұлының мерейтойына арналған жинақ кітапқа фототілшінің өз ғұмырының ең маңызды сәттерінен айтқан естеліктері, замандастары мен ізбасар шәкірттерінің пікірлері енген.

«Бүгінгі фотосурет — ертеңгі тарих», аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР ҒА-ның академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тұрақты сөз тіркесіне айналған бұл сөзі тақырыпқа бекерден-бекер алынған жоқ. Фотографияға қатысты осынау ұлы сөзді Димаш Ахметұлы кезінде дәл осы Қалиғұмар Қабдешұлына арнап айтқан екен.

«Бұл ән — бұрынғы әннен өзгерек» — деп, Шәкәрім атамыз айтқандай, бұл еңбек осыған дейінгі Қалиғұмар Қабдешұлы жайлы жарық көрген кітаптардан өзгеше. Бұл фотокітапта осы уақытқа дейін БАҚ беттерінде, фотоальбомдарда, кітаптарда бірнеше мәрте жарияланса да, бір әттеген-айы, белгілі бір оқиғалардың өткен уақыты мен болған жерінің атаулары әртүрлі жазылып келген еді, солар Қалиғұмар ағаның өзінің көзі тірісінде нақтыланып, архивтердегі құжаттармен салыстыра отырып реттелді.

Ең маңыздысы, осы кезге дейін «Құпия сапар» деген грифпен жарияланбай келген Антарктидадағы «Оңтүстік полюсте», яғни сондағы «Мирный» ғылыми-зерттеу станциясында түсірген фотосуреттері тұңғыш рет жарияланып отыр. Осылайша Қалиғұмар Қабдешұлы 1965 жылы Антарктидада болып мәңгі мұзды өлкені суретке түсірген және 1983 жылы Халықаралық Журналистер ұйымының мүшесі ретінде Чехословакияда №000017 қызметтік куәлігін алып ЮНЕСКО деңгейінде мойындалған алғашқы қазақ фотографы ретінде тарихқа еніп отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, кітапқа фототілшінің фотосуреттері алғаш рет жанр-жанрға жіктеліп берілді.

Жинақ-кітап ғылыми-әдістемелік құрал ретінде студенттерге, ізденуші магистранттар мен докторанттарға және фотоөнерді қадірлейтін барша өнерсүйер қауымға арналған.

234 беттен тұратын ғұмырнамалық фотокітап «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің және Қабдешевтер әулетінің қолдауымен«Дарын» баспасынан таралымы 500 данамен жарық көрді. Кітаптағы баға жетпес құнды фотосуреттер Қ.Қабдешұлының жеке архивіненалынды.

Кітаптың құрастырушы-авторы: өнертану ғылымдарының магистрі, PhD докторант, фотожурналист Дәурен Мақсұтханұлы.

Ұйымдастыру комитеті

Тел: +7 707 548 95 05, + 7 747 515 11 19. E-mail: dauryatm@gmail.com