ақпарат ағыны

Әзербайжанда бой тасалап жүрген күдікті елге экстрадицияланды

Аталған тұлға 2023 жылы Алматы қаласында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, сол үшін аса ірі көлемде пайда тапты деген күдікке ілінген,-деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық порталы. 

Бас прокуратура таратқан ақпаратқа сәйкес күдікті қылмыс жасағаннан кейін жасырынып, оған халықаралық іздеу  жарияланған.

Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері ҚР Әзербайджандағы Елшілігінің көмегімен Қазақстан азаматшасын заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Әзербайжан Республикасынан экстрадициялады. Ағымдағы жылдың қаңтарында ол Баку қаласында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды,-делінген дереккөз берген мәліметте. 

Қазіргі уақытта күдікті Алматы қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Қолданыстағы Қылмысытық кодекске сәйкес айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.