Болат Назарбаевтың «Адам жегішіне» қатысты сот үкімі шықты

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Елдос Қоспаев пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелеріне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Сот залындағы айыпталушыларға арналған орындықта 11 адам отыр.

Еске сала кетейік 2022 жылдың ортасында Елдос Қоспаев, Руслан Шалин және Ерлан Имашевтарға ұйымдасқан рейдерлік әрекетке күдікті ретінде  халықаралық іздеу жарияланды. Сол кезде Қаржылық мониторинг агенттігі алдын ала есептеулер бойынша, зардап шеккендерге келтірілген шығын көлемі 18 миллиард теңгеден асады деп мәлімдеген болатын.

Бұл есімдер Алматы мен Алматы облысындағы бизнеске қатысы бар біраз азаматттарға жақсы таныс. Кейбір ақпарат көздері  Е. Қоспаев пен оның туған бауыры Айдос Қоспаевты марқұм Болат Назарбаевтың (Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі) ең сенімді адамдары болған дейді. Сонымен қатар Елдос Қоспаевтың қылмыс әлемінде  «Адам жегіш» деген лақап аты да болған.

2024 жылдың қыркүйегінде Елдос Қоспаев пен оның тобының мүшелері «AV-Construction» ЖШС, «Шыны зауыты» ЖШС, «Шалқар 17» ЖШС, «Бахар-А» ЖШС және т.б. компанияларды рейдерлік жолмен басып алды деген күдікпен Солтүстік Кипрде ұсталып, Қазақстанға жеткізіліп қамауға алынған. Оларға ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған қатысты деген айып тағылды.

Сот ҰҚТ басшысы деп танылған Елдос Қоспаев  15 жылға бас бостандығынан айыруға кесті. Ол жазасын  орташа режимдегі түзеу колониясында өтейді.

Сот үкіміміен оның сыбайластары;

Айдос Қоспаев – 12 жыл,

Руслан Шалин – 12  жыл,

Ерлан Имашев – 12 жыл,

Рауан Бабаев – 12 жыл,

Камардина Алымова – 12  жыл,

Алексей Кузнецов – 12 жыл,

Тимур Танашев – 12 жыл,

Дастан Абижанов – 12 жыл,

Оксана Кудряшова – 10 жыл,

Василия Бабушкиналар – 9 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

Күдіктілерді ұстау кезінде олардан  9 миллион АҚШ долларына жуық қаражат, алтын зергерлік бұйымдар, күдіктілер мен оларға қатысы бар тұлғаларға тиесілі 154 жылжымайтын мүлік, 19 премиум маркалы қымбат көлік тәркіленді.

Сот жабық есік жағдайында өтті.