Экс-депутаттың айтуынша, кеше ғана Президент қол қойған «Психологиялық қызмет туралы» заңға сәйкес, енді 2 апталық курс оқып, өзін «психолог» немесе «психо-коуч» деп атайтындарға заңмен тыйым салынады,-деп хабарлайды,- Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Аймағамбетовтың айтуынша, бұдан былай арнайы дипломы бар және белігіленген талап, тәртіптерге сай бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелген мамандар ғана елге психологиялық көмек көрсете алады.
Ол өзінің парақшасында, «Тек диплом, тәртіп және бірыңғай мемлекеттік реестр! Бұл — Мәжілістегі жұмысымның маңызды нәтижелерінің бірі. Кәсіби мамандар, жеңіс құтты болсын!» ,-деп жазды.
Күйзеліске түскен адам Инстаграмнан әдемі парақшасы мен күмәнді сертификаты бар «маманды» тауып, соңғы ақшасын санап берсе де, жағдайы тек нашарлай түсетін. Мыңдаған адамның, отбасының тағдырын күл-талқан етті. Сала заңмен реттелмегендіктен, олар ешқандай жауапқа тартылмайтын. Енді бұл өзгереді,-дейді экс-мәжілісмен.
Жаңа заң жобасының авторының айтуынша, енді дипломсыз және реестрсіз психолог болмайды. Бұдан былай арнайы жоғары білімі (дипломы) жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген адамдарға өзін «психолог» деп атауға заңмен тыйым салынады. Кез келген азамат маманның реестрде бар-жоғын оңай тексере алады. Реестрде жоқтардың қызмет көрсетуге құқығы болмайды.
