Жетісу облысында кәсіпкерден қомақты қаражат бопсалаған блогер ұсталды

Ол Үштөбе қаласында тұрғындарға арналған үйлерді салумен айналысатын кәсіпкерден бұрын түсірілген сапасыз құрылыс туралы бейнероликті, әлеуметтік желідегі өз парақшасынан өшіру үшін қомақты қаражат бопсалаған, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Ол бұдан былай бейнематериалдарды жарияламауға әрі таратпауға уәде бере отырып, осы қызметі үшін кәсіпкерден 10 млн теңге талап еткен деген күдікке ілінді.

Нәтижесінде, Жетісу облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен, күдіктіні талап етілген ақшалай қаражаттың бір бөлігі, яғни – 7 млн теңгені алу кезінде қылмыс үстінде ұстады, делінген облыстық ПД баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Полицияның айтуынша аталған факт бойынша бопсалау бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қаралуда. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды.

фото: дереккөзден