Мемлекет басшысы Мұрат Әуезовтің отбасына көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, шығыстанушы ғалым, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, дипломат Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына, көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Jurtmedia.kz  ақпараттық порталы.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды.

Мұрат Мұхтарұлы ұлт руханиятының алға басуына, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы, парасатты тұлға еді. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін, тарихын терең зерделеп, соңына өлшеусіз мол мұра қалдырды. Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделінің артуына өзінің саяси-қоғамдық істерімен зор үлес қосты. Ғибратты ғұмыр кешіп, кемел де кемеңгер әке жолын лайықты жалғаған Мұрат Мұхтарұлының жарқын бейнесі мен қадірлі есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Айта кетейік Мұрат Мұхтарұлы Әуезов кеше 82 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған науқастан көз жұмды. Ол қытай филологиясы мамандығы бойынша филолог. Әуезов әр уақытта әртүрлі жауапты қызметтер атқарған, дипломатиялық дәрежесі бар, Қазақстанның Қытайдағы елшісі болған.