26 мамырда сағат 10:00 шамасында Бородулиха ауданындағы «Ауыл» стансасынан көлік тоқтатып Семей қаласына қарай аттанып кеткен 30 жастағы Динара Досымбекованың кеше кешкісін денесі табылды, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық порталы, @abainewskz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы хабарды еріктілерден құралған LIDER іздестіру қозғалысының мүшелері хабарлаған.
Марқұмның туыстары полицияға тек 2 маусымда ғана көмек сұрап жүгінген.
2024 жылдың 2 маусымында Бородулиха аудандық полиция бөліміне «Ауыл» стансасының 59 жастағы тұрғыны хабарласып, 26 мамыр күні 1994 жылы туған қызы Динара Досымбекованы табуға көмектесуін сұраған. Полиция қызметкерлері оның жүрген жерін анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, — делінген Абай облысының полиция департаменті баспасөз қызметі берген түсініктемеде.
Жергілікті полиция қазіргі таңда өлімнің себебі анықталып жатқанын мәлімдеді.