Майқайыңда тағы бір апат тіркелді

Екібастұздан Майқайың кентіне ауызсу жеткізетін үлкен құбыр жарылды. Қазір кентте ауызсу бойынша біраз шектеулер енгізілді, деп хабарлады,- Jurtmedia.kz 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметініңғ мәліметінше, ақау диаметрі 1020 мм-лік құбырдан шыққан. Қазір кентті ауызсумен жабдықтау төмен қысымда жүргізіліп жатыр.

21  ақпан күні Баянауыл ауданының Майқайың кентіне диаметрі 1020 мм суық сумен жабдықтау құбырында ақау анықталды. Ақаудың учаскесі „Екібастұз қалалық су арнасы“ МКК екінші көтергіш сорғысынан 27 км қашықтықта орналасқан. Оқиға орнына өңір басшысы Асайын Байханов, Екібастұз қаласының және Баянауыл ауданының басшылары, сондай-ақ, облыстық ТЖД басшысы барып, жедел штаб ұйымдастырылды. Ақаудың себебін анықтау және жою жұмыстары „Екібастұз қалалық су арнасы“ МКК күштерімен жүргізіліп жатыр.  Жөндеу жұмыстарына 30 адам және 10 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, оқиға орнында Павлодар облысы ТЖД және «Майқайыңалтын»  АҚ мамандары жұмыс істеуде,- делінген аймақ әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратта.

Екібастұз бен Майқайың кенті аралығындағы құбырдың ұзындығы — шамамен 28-30 шақырым.

Майқайың кентінің ауызсу тұтынушылары судан ажыратылған жоқ. Сумен жабдықтау төмен қысымда жүргізіліп отыр.

Қазір қысымның төмендеуіне байланысты «Майқайыңалтын» АҚ су таситын машиналарды жұмылдырды.

Кенттегі ауызсу құбырына «Майқайыңалтын» АҚ жауапты. Кәсіпорынның бас директоры Қуаныш Ботинның айтуынша,  жалпы судың құбырдағы ақаудан ысырап болуы 19 ақпаннан бері байқалған. Оның сөзінше Екібастұз қаласынан үлкен құбыр арқылы ағып келетін ауызсу қазір мүлде жоғалып кеткен.

Апат құбырдың Екібастұз қаласы аумағында болып отыр. Жалпы судың құбырдағы ақаудан ысырап болуы 19 ақпаннан бері байқалған. Негізгі ақау орны кеше ғана табылған тәрізді. Бүгін түнде оқиға орнына барып, кәсіпорынның мамандары мен техникаларын көмекке жұмылдырдық. Қазір кентте ауызсу бойынша біраз шектеулер енгізілді, — деп хабарлады кәсіпорын басшысы.