Қазақстандық режиссер Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» толықметражды көркем фильмі Францияның Везуль қаласында өткен 30-шы Халықаралық Азия фильмдері кинофестивалінде Халықаралық Қазылар алқасы тағайындаған Гран-приді жеңіп алды,деп хабарлаqды Jurtmedia.kz
Фильмде күллі қазақтың қасіреті болған «Семей полигоны» құрбандарының тағдыры ядролық жарылыстан зардап шегіп, қос аяқсыз дүниеге келген азаматтың өмірі арқылы бейнеленеді. Жарынан айырылған жалғызбасты ер адам мен жарымжан әкесіне жанашыр, қамқор бола білген баланың күйбең тіршілігі арқылы режиссер 1980-90 жылдардағы халықтың жағдайын көрсетеді. Көркем фильмнің түсірілімі Абай облысы, Аягөз ауданы, Шыңғожа ауылында өткен.
Атап өтерлігі, картинада басты рөлдегі Меліс атты кейіпкерді кәсіби актер емес, расында екі аяғынан айырылған қызылордалық азамат – Орынбек Шаймағанбетов сомдайды. Ал Мелістің мектеп қабырғасында оқитын ұлы – Жалғастың рөлін Алматы облысы Қарасай батыр атындағы мектептің 7 сынып оқушысы Арнұр Акрам ойнайды.
Сондай-ақ, қосалқы рөлдерде белгілі актерлар Ерболат Әлқожаев, Бейнұр Баймұхамбетов, Ерлан Малаев, Айбек Иманқұлов, Айғаным Нұрсұлтан бой көрсетеді.
Бұған дейін картина Орта Азия киносыншыларының «НЕТПАК» жүлдесін және Марк Хаас атындағы арнайы сыйлықты да иеленген.
Сондай-ақ, фильмде басты рөлдерді сомдаған Орынбек Шаймағамбетов пен Арнұр Акрамға қазылар алқасының арнайы дипломы табысталды.
Осылайша төрт бірдей жүлдеге ие болған «Айқай» төрешілерді тәнті қылған таңдаулы фильмдердің бірі ретінде Везуль кинофестивалінің тарихында қалды.
Айта кетерлігі, бұған дейін Оңтүстік Кореяда 4-13 қазан аралығында өткен әйгілі Пусан кинофестивалінде аталған қазақстандық картина А Window on Asian Cinema бағдарламасында көрсетіліп, тұсауы кесілген болатын.
Сонымен қатар, «Айқай» қараша айында Бішкек Халықаралық кинофестиваліне қатысып, фильмнің режиссері Кенжебек Шайқақов Қазылар алқасы ұсынған «Үздік сценарий» номинациясы бойынша арнайы жүлдені иеленді.
Фильмнің түсірілім кезеңі 2022 жылдың қазан айында аяқталып, 2023 жылдың наурыз айында монтаж кезеңі басталды.
Маусым айының соңына дейін созылған монтаж кезеңінде фильмнің түсі өңделіп, қайта дыбыс жазу, компьютерлік графика, дыбыс әрлеу жұмыстары жүргізілген.
Фильмнің соңғы нұсқасы Мемлекеттік Ұлттық Киноны қолдау орталығының экспертті кеңес өкілдеріне 26-маусым күні көрсетіліп, бекітілді.