Жетісу облысында жол апатынан бірнеше адам көз жұмды

Алакөл ауданында Алматы-Өскемен тасжолының 568 шақырымында адам өліміне әкелген жол көлік апаты орын алды,- деп хабарлайды Jurtmedia.kz

Polisia.kz Telegram арнасының жазуынша жан түршігерлік жол апатынан үш адам қаза тапқан.

Алдын ала болжам бойынша, Toyota Carina E көлік жүргізушісі жолдың қарама-қарсы жолағына шығып кетіп, Mercedes Benz көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан екі жүргізуші, сонымен бірге Toyota Carina E жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған,-делінген дереккөз таратқан ақпаратта.

Аталған факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жауапты орындар азаматтарға жол жүру ережесін қатаң сақтауды сұрап, ескерту жариялады.

Құрметті жүргізушілер, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Жол қауіпсіздігі талаптарын бұзбаңыздар және ең алдымен жылдамдықты асырмаңыздар. Автокөлікті басқару кезінде жауапсыздық пен немқұрайлылық, әдетте, қайғылы салдарға, көбінесе адамдардың өліміне және мертігуіне әкелетінін ұмытпаңыз,-деп жазды полиция.