Алматыда қызылшамен ауырғандардың 77,4 пайызы балалар  

Алматы қаласында қызылшамен сырқаттанушылық бойынша тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасты, деп хабарлады Jurtmedia.kz 

Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологитялық бақылау департаментінің мәліметінше, оңтүстік мегаполисте биылғы наурыз айынан бастап қызылшаның 3193 зертханалық расталған жағдайы тіркелген.  Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 2472 жағдай (77,4%), 15 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында –132 (4,1%) және ересектер арасында – 589 (18,4%).

Мамандар аталған аурудың балалар арасында көп болуының негізгі себебі, вакцинациядан бас тарту дейді.

Ауруға шалдыққан 2472 баланың 2349-ы (94,9%) қызылшаға қарсы егілмеген, оның ішінде бас тарту себебінен – 1666 (70,9%), медициналық қарсы көрсетілімдер – 331 (14,1%) және егу жасына (1 жасқа дейін) жетпеген – 345 (14,7%).

Қызылшаны жұқтырудан, сондай-ақ олардың асқынуынан алдын алатын жалғыз тиімді құрал тек вакцинация болып табылады. Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинация 2 рет, біріншісі – 1 жаста (12-15 ай), екіншісі – 6 жаста жүргізіледі, бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді. Қызылшаға қарсы вакцинаның әрбір алынған дозасы баланың иммунитетін күшейтеді, — делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қаланың емханаларының барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі.

Ағымдағы жылдың 10 қарашасы мен 9 желтоқсаны аралығында қалада қызылшаға қарсы ҚЖИ шеңберінде барлығы 26 577 адам қамтылды, оның ішінде 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі 5503 бала, 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар – 8417, басқа жастағы балалар – 7712, медицина қызметкерлері – 4945.

Сонымен қатар, Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес нысаналы топтағы балаларына қызылшаға қарсы жоспарлы иммундау жалғасуда: 1 жаста (12-15 ай) вакцинация және 6 жаста ревакцинация.

Департаменттің мәліметінше қазіргі уақытта қалада ҚҚП вакцинасы жеткілікті мөлшерде бар.

Тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты аурудың белгілері пайда болған кезде келесі қағидаларды қатаң түрде ұсынылады:

— өзін-өзі емдеумен айналыспау, дәрігерді үйге шақырып және дәрігердің нұсқауы бойынша ем алу;

— үйде болу, жұмыс орындарына, сондай-ақ қоғамдық орындарға бармау. Әсіресе, амбулаториялық емделіп жатқан науқастар үйде оқшаулауды қатаң сақтауы керек;

— ауырған балаларды ұйымдасқан ұжымдарға, мектептерге, МДБҰ-ға, т.б жібермеу.

Қызылшаға қарсы вакцинация – қызылшаны жұқтыруды, сондай-ақ оның асқынуын болдырмайтын жалғыз тиімді жол. Осыған байланысты мамандар ата-аналарды өз баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, екпелерді уақытында алуға, сондай-ақ қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау шеңберінде баланы вакцинациялауға шақырды.