ҚазҰУ студентінің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Оиғаның мән-жайы әзірге белгісіз.

Қайғылы жағдай 6 қараша күні кешкі уақытта болған. Марқұм Шымкент қаласынан Алматыға  журналистика мамандығы бойынша білім алуға келген.

Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Қайтыс болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де мәліметтері жария етуге жатпайды,- деп хабарлады Алматы полиция департаменті.

Жағдайдың мән жайын білу үшін университеттің баспасөз қызметіне байланысқа шықтық. Алайда олар тергеу барысында ешқандай сұрақтарға жауап бере алмайтынын жеткізді.

Қайғылы оқиғадан кейін сол түні жатақханада тұратын студенттерге бөлмелерінен шығуға және балконға баруға тыйым салынғаны туралы ақпарат тарады.

Алайда, Ulysmedia.kz тілшілері оқиға орнына барып, қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтауға тырысқан.

Оқиға болған кеште жатақхана асүйінде жүрген студенттерге бір қыз жоғарғы қабаттағы бөлмелердің бірінде төтенше жағдай болғанын хабарлаған. Бірнеше жігіт дереу жоғарыға жүгіргенімен, бөлмеге кіруге ешқайсысының батылы бармаған.

Студенттердің бірі ішке кіріп, қыздың жағдайын тексерген. Оның айтуынша, қыздың тамыр соғысы болмаған. Оны төсекке жатқызған кезде сағат 21:10-ды көрсетіп тұрған.

Полиция шамамен жеті-сегіз минуттан кейін келді. Жедел жәрдем қызметкерлері олардан бір-екі минуттан соң жетті – дейді студент.

Полиция куәгерлерден жауап алып, криминалистер оқиға орнын тексерген. Тергеу жұмыстары кезінде жатақхананың бұл бөлігіне бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған.  

Еске салайық, 2025 жылы осы оқу орнының тағы бір студенті ректораттың 14-қабатынан құлағаны туралы хабар тараған еді. Ол кезде қайғылы оқиғаның алдын ала себебі ретінде қыздың отбасындағы мәселелер аталған болатын.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика