Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің бүгінгі дамуы мен болашағына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтты деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Оның айтуынша, ана тілі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласына кеңінен еніп, қолданыс аясын кеңейтіп келеді.
Президенттің сөзінше, өткен кезеңдерде саяси қысымға қарамастан, қазақ тілінің сақталып, дамуына әдебиетшілер, тіл мамандары, журналистер, зиялы қауым өкілдері мен қарапайым азаматтар зор үлес қосқан.
Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді. Қазіргі таңда тіліміздің келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп анық айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгінде қазақ тілінің әлеуетін халықаралық технологиялық компаниялар да мойындай бастағанын атап өтті.
Мәселен, OpenAI жүргізген зерттеуге сәйкес, қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелерінде қолданысы қарқынды кеңейіп келе жатқан тілдердің қатарына енген. Ал Yandex компаниясының мәліметінше, өткен жылы оның белгілі бір өнімін қазақ тілінде пайдаланушылар саны 30 пайызға артқан.
Сонымен қатар Google компаниясы өткен жылы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізген. Президент мұны қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі деп бағалады.
Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмыстарды тоқтатпай, жалғастыру қажеттігін айтты.
Алтын шыққан жерді белден қаз деген. Сондықтан біз осы бағытта басталған өте қажетті әрі маңызды жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беруіміз керек, – деді Президент.
