Әл-Фараби мұрасын зерттейтін халықаралық орталық құру ұсынылды

«Түркі мемлекеттерінің ғалымдарын біріктіріп, Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын бірлесе зерттейтін халықаралық орталық құру ұсынылды. Бұл бастаманы Түркияның билік басындағы Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Күршад Зорлу Алматыда өткен «Философия. Этика. Болашақ» халықаралық симпозиумында көтерді», деп хабарлайды  Jurtmedia  ақпараттық-сараптамалық порталы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен жиынға Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин, отандық және шетелдік 150-ден астам ғалым, зерттеуші мен сарапшы қатысты. Күршад Зорлу түркі елдерінің ғылыми ынтымақтастығын дамытуға бағытталған үш ұсынысын таныстырды. Оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясында әл-Фараби атындағы халықаралық зерттеу орталығын құру, ойшылдың еңбектерін цифрландырып, ортақ платформаға орналастыру және түркі тілдеріне аудару бастамалары бар.

Сондай-ақ әл-Фарабидің «Қайырымды қала» тұжырымдамасын заманауи мемлекеттік басқару жүйесі мен «Ақылды қала» жобаларында қолдану ұсынылды. Бұдан бөлек, түркі университеттері арасында бірлескен ғылыми институттар ашу, қос диплом бағдарламаларын енгізу және академиялық алмасуды кеңейту мәселелері көтерілді.

Симпозиумда сөз сөйлеген Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған халықаралық ғылыми жиындар тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті. Жоспарға сәйкес, мұндай симпозиумдар екі жылда бір рет Алматы мен Түркістан қалаларында кезектесіп ұйымдастырылады. Жиын барысында ғалымдар әл-Фарабидің философиялық мұрасын қазіргі заман талаптарымен сабақтастыра зерттеу, рухани құндылықтарды дәріптеу және халықаралық ғылыми байланысты нығайту мәселелерін талқылады.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика