«Елімізде отбасының әлеуметтік жағдайы тек табыс көлеміне қарап анықталмайды. Бағалау кезінде баспана, көлік, жер телімі, кәсіпкерлік қызметі және несие міндеттемелері де ескеріледі. Бұл жұмыс Цифрлық отбасы карта арқылы жүзеге асырылады», деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеп келе жатқан жүйеге 20,6 миллион азамат енгізілген. Олар 6,2 миллион отбасыға біріктірілген. Отбасының әлеуметтік жағдайы 59 өлшемді қамтитын сегіз бағытта сараланады. Цифрлық отбасы картасы азаматтарды әл-ауқатына қарай бес санатқа бөледі. Олар: А — әл-ауқаты жоғары, В — бақуатты, С — жағдайы қанағаттанарлық, D — экономикалық тұрғыдан осал, Е — экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар.
Бағалау барысында отбасы мүшелерінің табысы, тұрғын үй көлемі, меншігіндегі жылжымайтын мүлік, автокөлік, кәсіпкерлік қызметі және несиедегі берешектері кешенді түрде қарастырылады. Сондықтан бір пәтердің немесе көліктің болуы отбасының автоматты түрде жоғары санатқа жатқызылатынын білдірмейді.
Жүйедегі мәліметтер ай сайын жаңартылып отырады. Егер азаматтың меншігінде жоқ мүлік әлі де оның атына тіркеліп тұрса немесе көлік, кәсіпкерлік қызмет туралы ақпарат ескірсе, бұл әлеуметтік санатты анықтауға әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайда азаматтар тиісті мемлекеттік органдарға жүгініп, деректерді түзете алады. Жаңартылған ақпарат Цифрлық отбасы картасына енгізіліп, отбасының әл-ауқат санаты келесі есептеу кезінде қайта қаралады. Жүйенің басты мақсаты — әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларды дер кезінде анықтап, мемлекеттік көмекті нақты қажеттілікке қарай бағыттау.
