«Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы жылдық тауар айналымы 1 миллиард АҚШ долларынан асып, Қазақстан Тәжікстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарына енді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен Ақордада өткен келіссөз барысында мәлімдеді», деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы қарым-қатынастың стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, екі мемлекет арасындағы байланыс саяси диалогпен ғана шектелмей, сауда-экономика, көлік-логистика, мәдениет және білім беру салаларында да қарқынды дамып келеді.
Мемлекет басшысы екі ел үкіметтерінің өзара уағдаластықтарды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Соның нәтижесінде экспорт пен импорт көлемі артып, теміржол арқылы тасымалданатын жүк мөлшері ұлғайған. Сонымен қатар кәсіпкерлер арасындағы іскерлік байланыстар жанданып, бизнес-форумдар мен сауда миссиялары аясында жасалған келісімдер кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Президенттің мәліметінше, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асады. Бұл көрсеткіш Қазақстанның Тәжікстан үшін негізгі сауда серіктестерінің бірі екенін айғақтайды. Келіссөзде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Екі мемлекетте мәдениет күндері тұрақты өткізіліп, тарихи тұлғалардың құрметіне ескерткіштер орнатылған. Атап айтқанда, Душанбеде Абай Құнанбайұлының бюсті ашылса, Астанада Ибн Синаға арналған ескерткіш бой көтерген.
Бұдан бөлек, білім беру, жастар саясаты, ғылым және зиялы қауым өкілдері арасындағы байланыстар да кеңейіп келеді. Екі елдің жастары мен ғалымдарының қатысуымен түрлі форумдар ұйымдастырылып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалуда. Мемлекет басшысы Тәжікстанның Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігінің жаңа ғимаратының ашылуы да екіжақты қатынастардың ерекше сипатын көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті.
Айта кетейік, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 5-7 қараша күндері ресми сапармен келді. Сапар аясында екі ел басшылары бірқатар маңызды мәселелерді талқылап, ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын қарастыруда. Сондай-ақ Эмомали Рахмон Астанада өткен Ақаба процесі саммитіне қатысқан болатын.
