Қазақстанның қылмыстық қудалау органдары Қорғаныс министрлігінің қызметіне жүргізілген тексеру нәтижесінде 37 қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссия аралық қорытындысын ұсынды. Осы уақытқа дейін комиссия 104 нысанды тексерген. Ал министрлік бюджетіне қатысты аудит жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Тексеру барысында комиссия әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әскери қызмет өткеруге қажетті жағдай жасау, азық-түлікпен және киім-кешекпен қамту, медициналық көмек көрсету сапасы, сондай-ақ мемлекеттік мүліктің сақталуы мәселелеріне басымдық берген. Ақорданың мәліметінше, тексеру кезінде анықталған жайттар бойынша қылмыстық қудалау органдарының қарауында 37 іс бар. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге олардың мән-жайы жарияланбайды.
Айта кетейік, бұған дейін Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғаған болатын. Оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі аман қалған. Осы жағдайдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қайғылы оқиғаға байланысты Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу амалдары басталып, бес күдікті ұсталды.
Кейін Мемлекет басшысының жарлығымен Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі қызметінен босатылып, бұл лауазымға Айдос Мырзахметов тағайындалды. Сондай-ақ Президент әскердегі қаржының жұмсалуына аудит жүргізіп, қорғаныс саласын реформалау жөнінде тапсырма берген болатын.
