Азаматтарға әскери билет беру және есепке қою қағидалары өзгерді

Елімізде әскери билеттерді беру және азаматтарды әскери есепке қою тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Тиісті бұйрыққа Қорғаныс министрі қол қойған,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

2026 жылғы 21 қазанда қабылданған құжат 30 қазанда Әділет министрлігінде тіркелген. Жаңа түзетулер әскери есепке алу, азаматтарды әскери қызметке шақыру және әскери дайындықтан өткізуге қатысты мемлекеттік қызметтерді қамтиды.

Жаңартылған қағидаларға сәйкес, бейбіт уақытта әскери билет берілетін азаматтардың санаты нақтыланды. Олардың қатарында әскери қызметке қабылданатын әскерге шақырылушылар, әскери оқу орындарының курсанттары, әскери-техникалық дайындықтан өткен азаматтар, сондай-ақ запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау бағдарламаларын аяқтағандар бар.

Ал әскери қызметтен өтпеген немесе тиісті әскери дайындықтан өтпеген азаматтарға әскери билет бұрынғы тәртіп бойынша тек мобилизация кезеңінде, соғыс жағдайында және соғыс уақытында беріледі.

Жаңа қағидаларда азаматтың тегі, аты, әкесінің аты, туған күні немесе туған жері өзгерген жағдайда әскери билеттегі мәліметтерді жаңарту тәртібі де қарастырылған.

Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесіне тиісті ақпарат түскеннен кейін азаматқа деректерді жаңарту қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. Ол ұялы телефонға немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетке келуі мүмкін. Азамат өтініш білдіргеннен кейін жергілікті әскери басқару органдары қажетті өзгерістерді бір сағат ішінде енгізуге міндетті. Жаңартылған жазбалар елтаңбалы мөрмен куәландырылады.

Әскери билетті немесе оның телнұсқасын алу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы беруге болады. Дайын құжат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының тиісті филиалы арқылы беріледі. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Өтінішті қарау мерзімі бес жұмыс күнін құрайды.

Егер құжаттарда қате немесе толық емес мәліметтер анықталса, өтініш берушіге оларды түзету үшін үш жұмыс күні беріледі. Осы кезеңде қызмет көрсету мерзімі тоқтатыла тұрады. Ал азамат әскери есепте тұрмаған жағдайда оған қызмет көрсетуден бас тартылуы мүмкін.

Әскери билетін жоғалтқан немесе бүлдірген азаматтарға да арнайы талаптар белгіленген. Егер құжат азаматтың кінәсінен жоғалса немесе бүлінсе, тиісті әкімшілік жаза қолданылғаны туралы қаулы талап етіледі. Ал бұл жағдай азаматқа байланысты емес себептерден туындаса, оны растайтын уәкілетті органның анықтамасы ұсынылуы қажет.

Түзетулер әскери есепке қою қызметіне де қатысты. Енді азаматтар бұл қызметке eGov.kz порталы арқылы өтініш бере алады. Қызмет нәтижесі электронды түрде рәсімделеді. Құжаттарда қателер анықталған жағдайда оларды түзетуге екі жұмыс күні беріледі.

Сонымен қатар әскери қызмет өткергені туралы мәліметтерді өзектендіру тәртібі нақтыланды. Қажетті ақпарат мемлекеттік жүйелерде болмаған жағдайда жергілікті әскери басқару органдары мемлекеттік мекемелер мен архивтерге, оның ішінде шетелдік архивтерге сұрау жібере алады. Мұндай жағдайда қызмет көрсету мерзімі 90 жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.

Әскери-техникалық дайындықтан өтуге кезекке тұру үшін де электронды өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған. Өтінішке медициналық куәландыру картасының электронды көшірмесі қоса тіркелуі тиіс. Медициналық қорытындының жарамдылық мерзімі 10 жұмыс күнін құрайды.

Өтініш беру кезінде жүйе азаматтың белгіленген жас және жыныс талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Қағидада 24 жастан асқан азаматтарға қатысты талап та көрсетілген. Тексеруден өткен азамат әскери-техникалық дайындықтан өту үшін тиісті ұйымды таңдай алады. Бұдан бөлек, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату туралы өтініштерді қарау тәртібі де нақтыланған. Құжатқа сәйкес, бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 2026 жылғы 14 қарашада күшіне енеді.

Еске сала кетейік, биыл шілде айында Қазақстанда әскери есепке алу қағидаларына да өзгерістер енгізілген болатын. Соған сәйкес, 17 жасқа толған бозбалаларды әскери есепке қою процесі автоматтандырылды. Мұндай тәртіп әскери-есептік мамандығы бар әйелдерге де қатысты қарастырылды. Сондай-ақ әскери қызметтен немесе тиісті әскери дайындықтан өтпеген азаматтарға бейбіт уақытта қағаз түріндегі әскери билеттерді беру тоқтатылды. Олардың әскери есепке қатысты мәліметтері Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесінде сақталады.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика