Құрылтайға өтпей қалған экс-депутат «Халық сүйіктісі» атанды

Бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының «2026 жылдың үздік Парламент депутаты» номинациясында жеңімпаз атанды, — деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Экс-депутат бұл марапаттың өзі үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Оның айтуынша, сыйлықты халықтың атқарған еңбегіне берген бағасы ретінде қабылдайды. Бақытжан Базарбек бұған дейін де осы байқауда жеңімпаз атанған. 2023 жылы қазіргі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен бірге «Жылдың үздік Парламент депутаты» номинациясын иеленген. Ал 2024 және 2025 жылдары байқаудың финалистері қатарынан көрінген.

Ол өзі үшін марапаттан бұрын Парламенттегі қызметі кезінде халықтың тұрмысын жақсартуға, сыбайлас жемқорлықты азайтуға және әділетті қоғам қалыптастыруға қосқан үлесі маңызды екенін жеткізді.

«Биліктің сүйіктісі болмасам да, халқымның сүйіктісі болуға тырыстым. Сол сара жолда талай сыннан өтсем де, халқымның мүддесі әрдайым жүрегімнен орын алды. Бүгінгі марапат – соның бір дәлелі деп білемін», — деді Бақытжан Базарбек.

Сондай-ақ ол заңдылық пен әділеттілікті орнықтыру жолында көздеген жұмыстарының барлығын аяқтап үлгермегенін айтты. Алдағы уақытта Құрылтайдың жаңа депутаттарымен бірлесіп, заңнаманы жетілдіруге және ел мүддесіне бағытталған бастамаларды жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.

Экс-депутат алдағы уақытта да өзінің білімі мен кәсіби тәжірибесін осы мақсаттарға жұмсайтынын тілге тиек етті.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика