«Криштиану Роналду Португалия құрамасымен қоштасты» деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Португалия құрамасы мен Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду ұлттық құрамадағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.
41 жастағы футболшы бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбасында хабарлады. Ол Португалия құрамасының жейдесін 23 жыл бойы киіп, ел намысын қорғау өзі үшін үлкен мәртебе болғанын атап өтті.
«Мен бұл жейдені ешқашан тек өзімдікі деп санаған емеспін. Бірақ 23 жыл бойы оны кию, қорғау және бүкіл әлемдегі стадиондарға алып шығу мәртебесі мен жауапкершілігі маған бұйырды. Бүгін оны келесі буынға тапсыратын сәт келді. Бұл оңай шешім болған жоқ, өйткені кейбір шешімдер тек ақылмен емес, жүрекпен де қабылданады», – деп жазды футболшы.
Роналду ұлттық құрама сапындағы мансабын аяқтауына нақты қандай себеп түрткі болғанын ашып айтпады. Дегенмен ол осы жылдар ішінде бірге өнер көрсеткен әріптестеріне, бапкерлеріне және жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
«Мен өмір бойы әлемдегі ең үздік футболшы болу үшін еңбек еттім. Бүгін мен ең үлкен жеңісім – әлемдегі ең керемет елдің намысын қорғау құқығына ие болғаным екенін түсінемін. Осы 23 жыл үшін рақмет. Маған сенгендеріңіз үшін рақмет.
Мадейрада доп соңынан жүгіріп жүрген бала кезімде басталған арманымды орындауға мүмкіндік бергендеріңіз үшін рақмет. Осы жейдені кигенімді мақтан тұтамын, бұл сезім мәңгі менімен бірге қалады. Португалия әрқашан жүрегімде», – деп түйіндеді ол.
Осылайша, әлем футболының әйгілі жұлдыздарының бірі ұлттық құрамадағы 23 жылдық жолын аяқтауға шешім қабылдады.

