Мемлекет басшысы Астана әуежайында Иордания Королі II Абдалланы қарсы алды деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы Ақорданың ресми Telegram арнасына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді Астана әуежайында қарсы алды.
Мәртебелі мейманды күтіп алу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Ұшу-қону алаңында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп, ресми делегацияны қарсы алды.
Бұдан кейін Ақордада Иордания Королін ресми қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты шара аясында мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстанның Әскери әуе күштерінің тікұшақтары екі елдің Мемлекеттік туларын желбіретіп, Ақорда резиденциясының алдынан ұшып өтті.
Рәсім барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король II Абдалла бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт бергеннен кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды.
Иордания Королінің бұл сапары Қазақстан мен Иордания арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту және мемлекетаралық байланыстарды дамыту тұрғысынан маңызды.


