Елімізде 83 түрлі тауарға импорттық тәуелділік азайды

Отандық өндірушілер елде өндірісі жолға қойылған 183 түрлі тауардың 83 түрінде импорттың үлесін төмендеткен. Алайда 51 тауармен керісінше өсім байқалса, қалған 49 түрлі тауардың көрсеткішінде айтарлықтай өзгеріс болмаған,-деп хбарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында аталған тауарлармен импорттың жалпы ресурстардағы үлесі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азайған. Импортқа тәуелділіктің төмендеуі әсіресе керамикалық плитка, теледидар, мыс сымы және асүй жиһазы өндірісінде байқалады.

Сарапшылардың айтуынша, импортты алмастыру үдерісінің ең айқын мысалы керамикалық плитка өндірісінен көрінеді. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында бұл өнімде импорттың үлесі 2023 жылғы 78,7 пайыздан 48,6 пайызға дейін төмендеген. Осы кезеңде отандық кәсіпорындар 12 миллион шаршы метр керамикалық плитка өндірген. Бұл үш жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,4 есе көп. 2023 жылы өндіріс көлемі 4,9 миллион шаршы метрді құраған. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс 19,2 пайызға артқан.

Сонымен қатар плитка импорты 18,1 миллионнан 11,3 миллион шаршы метрге дейін қысқарған. Соның нәтижесінде 2026 жылы отандық өндіріс көлемі алғаш рет импорт көлемінен асып түсті. 2024 жылы импорт үлесі 77 пайыз болса, 2025 жылы 57,3 пайызға дейін төмендеген. Құрылыс материалдары мен жиһаз өндірісінде де оң өзгерістер бар. Мәселен, асүй жиһазымен импорттың үлесі 33,9 пайыздан 23 пайызға дейін азайған. Алайда отандық өндіріс көлемі де төмендеген. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 79,9 мың дана асүй жиһазы шығарылған. Үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 96,6 мың дананы құраған. Ал импорт көлемі 49,6 мыңнан 23,9 мың данаға дейін қысқарған.

Матрас өндірісі де өскен. Биыл қаңтар-тамыз айларында 177,3 мың дана матрас шығарылған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп. Дегенмен былтырмен салыстырғанда өндіріс 8,4 пайызға төмендеген. Осы тауарда импорттың үлесі 45 пайыздан 37,9 пайызға азайған.

Сонымен бірге кейбір құрылыс материалдарымен импортқа тәуелділік керісінше артқан. Атап айтқанда, кірпіш, күйдірілген саздан жасалған плитка және басқа да бұйымдар бойынша импорт үлесі 30,1 пайыздан 34,5 пайызға өскен. Шыны ыдыстарда бұл көрсеткіш 42,9 пайыздан 46,7 пайызға жеткен.

Импорт үлесінің айтарлықтай төмендеуі мыс сымы өндірісінде де байқалады. Үш жыл ішінде оның импорттағы үлесі 16,9 пайыздан 3,8 пайызға дейін қысқарған. Өнім импорты 1,5 мың тоннадан 300 тоннаға дейін азайса, отандық өндіріс көлемі 8,7 мың тоннаны құраған. Азық-түлік өнеркәсібінде импортты алмастыру қарқыны салыстырмалы түрде баяу. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шұжық өнімдері бойынша импорттың үлесі 2023 жылғы 40 пайыздан 2026 жылы 33 пайызға дейін төмендеген. Осы аралықта отандық өндіріс 44,3 мың тоннадан 54 мың тоннаға дейін өскен. Ал импорт көлемі 29,5 мың тоннадан 26,7 мың тоннаға азайған.

Ірімшік пен сүзбе бойынша импорт үлесі 43,3 пайыздан 40,8 пайызға дейін қысқарған. Өндіріс көлемі 29,7 мың тоннадан 40,3 мың тоннаға артқанымен, импорт та 22,7 мың тоннадан 27,7 мың тоннаға дейін өскен. 2024 жылы ірімшік импортының үлесі тіпті 48 пайызға жеткен. Ал шырындар бойынша импорт үлесі айтарлықтай өзгермеген. 2023 жылы бұл көрсеткіш 36,2 пайыз болса, 2026 жылы 35,9 пайызды құраған. Азық-түлік тұзы бойынша да жағдай тұрақты. Импорт үлесі 6,1 пайыздан 6,6 пайызға өзгергенімен, отандық өндіріс көлемі 229,9 мың тоннадан 290,5 мың тоннаға дейін артқан.

Қазақстанда өндірісі жаңадан жолға қойылған немесе көлемі бірнеше есе өскен тауарлардың қатарында жеңіл автомобильдер де бар. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында елімізде 117,2 мың жеңіл автокөлік шығарылған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,2 пайызға, ал үш жыл бұрынғы көрсеткіштен 32,4 пайызға жоғары. Осы уақытта автомобиль импорты 159 мыңнан 116,2 мың данаға дейін қысқарған. Нәтижесінде импорттың жалпы ресурстардағы үлесі 49,8 пайызға төмендеген. 2023 жылы бұл көрсеткіш 53,2 пайыз болса, 2025 жылы 64,6 пайызға дейін өскен еді.

Теледидар өндірісінде де ілгерілеу бар. Дегенмен бұл тауардағы импортқа тәуелділік әлі де жоғары. 2026 жылы импорт үлесі 83,9 пайызды құраған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 99,2 пайыз болған. Биыл отандық өндіріс 2,7 есе өсіп, 146,7 мың данаға жеткен. Ал импорт көлемі 2 миллионға жуық данадан 767,2 мың данаға дейін азайған.

Кір жуғыш машиналар өндірісі де жаңадан дамып келеді. 2023 жылы Қазақстанда мұндай өнім өндірілмеген. 2025 жылы 17,7 мың дана шығарылса, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында өндіріс көлемі 49,4 мың данаға жеткен. Бұл ішкі нарықтағы тауар ресурстарының 10,6 пайызын құрайды. Дегенмен бірқатар тауарда импортқа тәуелділік күшейген. Бұл әсіресе дәптер мен дәретхана қағазы өндірісінде байқалады.

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында дәптер импортының үлесі 90,3 пайызға жеткен. 2023 жылы бұл көрсеткіш 66,7 пайыз болған. Осы кезеңде отандық өндіріс 4,2 есе қысқарып, 1 мың тоннаны құраған. Дәретхана қағазынан да импорт көлемі артқан. Оның жалпы ресурстардағы үлесі 41,9 пайыздан 61,5 пайызға дейін өскен. Импорт 15,1 мың тоннадан 28,2 мың тоннаға көбейсе, отандық өндіріс 21 мың тоннадан 17,6 мың тоннаға дейін төмендеген.

Импортқа тәуелділік артқан тағы бір өнім – қант. Оның импорттағы үлесі 2023 жылғы 61,2 пайыздан 2026 жылы 77,7 пайызға жеткен. Отандық өндіріс көлемі 133,8 мың тоннадан 81,4 мың тоннаға дейін қысқарған. Ал импорт 210,7 мың тоннадан 284,2 мың тоннаға дейін өскен. Металл конструкцияларында импорт үлесі де 48,9 пайыздан 63,8 пайызға дейін артқан. Өнім импорты 2,4 есе өсіп, 221,1 мың тоннаны құраған. Ал отандық өндіріс көлемі 28,5 пайызға ғана артқан.

Шоколад және қанттан жасалған кондитерлік өнімдер бойынша импорт үлесі 52 пайыздан 61,1 пайызға дейін өскен. Бұл ретте отандық өндіріс 9,7 пайызға қысқарса, импорт көлемі 30,9 пайызға артқан. Жалпы, статистикалық мәліметтер Қазақстанда бірқатар тауар өндірісінің дамып, импортты алмастыру үдерісінің жандана бастағанын көрсетеді. Әсіресе құрылыс материалдары, автомобиль жасау және кейбір өнеркәсіп өнімдері бойынша оң өзгерістер бар. Алайда азық-түлік, қағаз өнімдері мен жекелеген өндірістік тауарлар бойынша импортқа тәуелділікті төмендету мәселесі әлі де өзекті болып отыр.

Айта кетейік, импорттың жалпы тауар ресурстарындағы үлесі өндіріс, импорт және статистикалық бағалау көрсеткіштері негізінде есептеледі. Бұл көрсеткіш тауардың ішкі тұтынудағы импорт үлесімен бірдей емес. 2023-2025 жылдардағы деректер нақтыланған, ал 2026 жылғы мәліметтер алдын ала есепке негізделген.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика