Тілсіз жау бүгін сағат 12:35-те жабық үлгідегі механикалық тазарту құрылыстарының (МТҚ) тұндырғышынан басталған,- деп хабарлайды Jurtmedia .
Абырой болғанда оқыс оқиға болған сәтте нысанда ешқандай жұмыс жүргізілмеген. От тұндырғыштың ішіндегі мұнай шламының жануынан басталған. Өртті оқшаулау мен жою жұмыстары жалғасуда. Зардап шеккендер жоқ.
Өрт туралы хабарлама 112 пультiне 25 тамызда сағат 12:55-те түсті. Нысанның ерекшелігін ескере отырып, ТЖМ күштері мен құралдары оқиға орнына жоғарылатылған шақыру дәрежесі бойынша дереу жіберілді. Өртті сөндіруге ТЖМ, «Семсер өрт сөндіруші», АТМА әуежайы және NCOC компаниясының АҚҚ (ПСС) жеке құрамынан шамамен 65 адам мен 19 бірлік техника тартылды,-делінген Төтенше жағдайлар министрлігі берген мәліметте.
Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, тартылған барлық күштер мен құралдардың үйлесімі ұйымдастырылды. Сағат 13:42-де өрт оқшауланып, оттың таралуы тоқтатылды.
Қазіргі уақытта өрт толығымен жойылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталуда. Жағдай бақылауда.
