Бүгіннен бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салу туралы заң күшіне енді, – деп хабарлайды .
Жол-көлік оқиғаларының өсуіне байланысты жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізілді.
Бас прокуратураның мәліметінше, бұдан былай көлік түрімен жүру велосипед жолы немесе велосипед жолағы болған жағдайда, қозғалыс тек солар арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Олар болмаған кезде – жол жүрісі қағидаларына сәйкес жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Сондай-ақ жүріс бөлігінде электрсамокатпен қозғалысқа тек 18 жасқа толған, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын пайдаланатын адамдарға рұқсат етілетінін есте сақтау қажет. Мопед жүргізушілері тек жүріс бөлігімен қозғалуға міндетті. Ал жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде самокат, велосипед және мопед иелері көліктен түсіп, оны қасынан жетектеп өтуі тиіс.
Айта кетейік, жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 33 адам қаза тауып, тағы 461 адам жарақат алған. Велосипедшілердің кінәсінен 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың кінәсінен 97, электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол-көлік оқиғасы болған. Осы оқиғалардың барлығында 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан.
