Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірінде Құрылтай сайлауына дауыс беруге келген тұрғындарды ақ жаулықты аналар ұлттық дәстүрмен шашу шашып, қарсы алды, – деп хабарлайды .
Ұлттық салтпен басталып сайлау күніне мерекелік реңк беріп, жиналған жұртқа көтеріңкі көңіл күй сыйлаған бұл сәт Наурызбай ауданындағы №542 сайлау учаскесінде болды.
Бүгінгі сайлау — ел болашағын айқындайтын маңызды оқиға. Сондықтан азаматтық жауапкершілік танытып, таңдау жасау үшін келдік, — деді таңмен таласа алғашқы болып келген аудан тұрғындары.
Наурызбай аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мәдениет Жәркенов жастарға үлгі болу үшін сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келгенін айтты.
Жастарға үлгі көрсету үшін алғашқылардың қатарында келіп, дауыс бердік. Еліміздің жарқын болашағына сенеміз. Партиялардың бағдарламаларымен таныстық, — дейді.
Ал Орал Нұрмұханбетова сайлау нәтижесінде әлеуметтік салада оң өзгерістер болады деп үміттенетінін жеткізді.
Жеке тұлғаны қорғау, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселелеріне басымдық беріледі деп сенеміз. Елімізде тұрақтылық пен бейбітшілік сақталып, халықтың әл-ауқаты арта берсе екен, — деді ол.
Айта кетейік, №542 сайлау учаскесі №187 мектептің ғимаратында орналасқан. Таңнан бері мұнда сайлаушылар белсенді келіп жатыр. Дауыс беруге барлық қажетті жағдай жасалып, сайлау үдерісі белгіленген тәртіпке сай ұйымдастырылған.
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
