Бұл туралы ақынның өмірде қатар жүрген үзеңгілес жан досы, ақын, сазгер Асқар Дүйсенбі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Оның жазуынша, аяулы жан, ардақты ақын Бекжан Әшірбаевты туған жері – Мақтарал жұртшылығы ақтық сапарына арулап шығарып салған.
Өкінішті өлім… Жақсы адамның енді қасыңда жоқ екенін мойындаудың өзі – қисапсыз қасірет.Бұл бәйіт жырым Бекжанның жаназасы оқылған күні, дәл сол қайғының үстінде дүниеге келді. Сондықтан өлеңдегі сенбеу, сенделу, дұға мен қимастықты әлсіздік емес, сол сәттегі шынайы жан күйінің қуаты деп қабылдарсыздар.Бұл жырым «жоқтау жазайын» деген ниеттен туған жоқ. Досымның қазасына сенбей, есеңгіреп отырған көңілдің, оны енді көре алмайтынын қабылдай алмай отырған жүректің өз дауысы,-деп жазды марқұмның досы.
Ол осы жазбасының астына сол сәтте жазылған, досымен қоштасу өлеңін жариялады.
ҚАЙРАН, ӨМІР…
Бекжан Әшірбаевтың рухына тағзым!
Таныстықтың үкілеп ілкі іздерін,
Ажырар ма алыстап, ара мұндай.
Бүгін бар жан, ертең жоқ, күнтізбенің,
Кеше жыртып тастаған парағындай.
Мең-зең күйге түстім ғой, мұң арылмай,
Айғызданды-ау айтқысыз айна көңіл.
Қатар жүрген қасымда сыңарымдай,
Қимасымнан бөлдің бе, қайран өмір?
Тастап бара жатырсың маған тосын,
Тіршіліктің баянын сірә, мұңды.
Жылы шуақ жай сұрап саған, досым,
Жырымды арнап, үзбеймін құранымды.
О, бастан-ақ осал ғып жаратты Аллам,
Шарасы бар өзге не, құба құлдың?
Еріндерім күбірлеп – Жаратқаннан,
Саусақтарым дірілдеп, дұға қылдым.
Қабырғама батты ғой алаңдар мұң,
Ешкім ұғып көрген жоқ хәлімді әлі.
Құраныма қосатын адамдардың
Бір кісіге тізімі қалыңдады.
Қалауымша атымды тақап, бұрып,
Қал сұрасар құшақтап асыл ек қой.
Енді сенің атыңды атап тұрып,
Көрмейтінім жүзіңді – қасірет қой.
Сөз – қиылды, көз – тұман, тіл – кесілді,
Өмір, қандай пайда бар кеңдігіңнен?
Білгенімді бөлісіп, білмесімді
Емен-жарқын сұраймын енді кімнен?!
Арағайын болуға ділің асыл,
Десе біреу қыр қабақ, араз едім.
Сен – бауырмал, достыққа ымырашыл,
Намысқа – тас, ақылға таразы едің.
Таңмен бірге қалықтап ән қанатың,
Жамалыңды жүрсінші мақтап арай.
Бәріміз де ерте, кеш «дәм тататын»,
Кеткенің бе, оралмас жаққа қарай?
Сен қалдырған сақтаймын ерлікті ерше,
Түсіме еніп, қағарсың бұла қанат.
Сенің артқан сенімің дем біткенше,
Маған жеңіл болмайды, бұл аманат!
16.08.26
Бекжан досымның рухына арнаймын.Алла иманын жолдас, жатқан жерін жайлы етсін. Артында қалған ағайын-туысына, дос-жаранына сабыр берсін. Рухы шат болсын!,-деді А. Дүйсенбі.
