Елімізде синтетикалық есірткіні сату және қылмыстық кірісті заңдастыру бойынша трансұлттық қылмыстық топты басқарған күдікті Польшада ұсталып елге жеткізілді, — деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін экстрадицияланған Украйна азаматы елімізде есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымымен айналысқан. Сонымен қатар трансұлттық қылмыстық топты ұйымдастырып оған басшылық етіп, қылмыстық кірістерді заңдастырумен айналысқан. Күдікті елге жеткізу, ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Қазақстанның Польша Республикасындағы Елшілігінің жәрдемдесуімен жүзеге асты.
Арнайы прокурорлар қылмыстық істі тергеу барысында аталған тұлға трансұлттық қылмыстық топтың басшысы бола отырып, Telegram мессенджерінде Kaef Mafia интернет-дүкені арқылы есірткі және психотроптық заттарды жүйелі түрде байланыссыз сатуды ұйымдастырғанын анықтады.
Қылмыстық әрекет нәтижесінде банк шоттары арқылы 2,8 млрд теңгеден астам қаражат өткізілген. Аталған қаржы Қазақстаннан тыс жерге шығарылған, бірақ кейіннен қабылданған шаралар арқылы мемлекет пайдасына тәркіленді. Сонымен қатар, жедел іс-шаралар барысында осы қылмыстық топ мүшелерінен 1,2 кг. есірткі және психотроптық заттар алынды.
Қылмыс жасалғаннан кейін топ мүшелерінің бір бөлігі сотталды, ал күдікті ұйымдастырушы бола отырып, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған, осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды. Өткен жылдың желтоқсанында ол Польша аумағында ұсталды, сол жерден Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды. Оған айып тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
