Шымкентте тұрғын үйден өрт шығып 8 баланың анасы көз жұмды

Шымкенттің шетінде орналасқан Қайнарбұлақ шағын ауданында 39 жастағы әйелдің өмірін қиған ірі өрт болды, — деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Отбасы бұған дейін көрпе мен матрац тігу кәсібімен айналысқан. Олардың аулада шағын цехы болған. Куәгерлердің айтуынша, алдымен жиналған мақта өртеніп, содан кейін жалын тез арада тұрғын үйді шарпыған. Белгілі болғандай өрттен аулада тұрған 6-7 тонна мақта толығымен жанып кеткен.

Күйеуі мен 17 жастағы үлкен ұлы марқұм әйелді өртеніп жатқан үйден алып шығуға  тырысқан. Жасөспірім анасын сыртқа алып шығып үлгергенімен, оның денесінің шамамен 80%-ын күйік шалып, кейін жансақтау бөлімінде қайтыс болған.

Жас жігіттің өзі ауыр жарақат алған, отағасы да аяқтарын күйік шалған, ал үлкен қызы қатты шок жағдайында.

Әйелімді құтқара алмадым. Өрттен шығуға тырыстым. Үрейленіп, қолымнан келгенше сөндірдім. Бірақ біз оны құтқара алмадық. Әйелімнің денесінің 80 пайызынан астамы күйіп қалды. Осылайша біз одан көз алдымызда айрылып қалдық, — деді марқұмның күйеуі Айдос Боранбаев көз жасына ерік беріп.  

Көмек сұраған дауыстардан соң көршілер ьез жеткен.

Біз дауысты ести сала тез жеттік. Бірақ, біз келгенде бәрі жанып кеткен, ештеңе қалмаған. Балалар сыртта үрейленіп жүгіріп жүрді. Бірақ олар тірі, құдайға шүкір, — деді қайғылы оқиғаның куәгері Ержан Ырысбаев.

Шымкент полиция департаменті өртке байланысты қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін және абайсызда адамның өліміне әкеп соғу фактісі   бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиға орнында тергеу шаралары жүргізілуде.

Қайғылы оқиға салдарынан көп балалы отбасы бүкіл үйі мен мүлкінен және жалғыз табыс көзінен айырылды.

Анасыз қалған бес ұл мен үш қыз қазіргі уақытта туыстарын уақытша паналауда. Зардап шеккендер жергілікті билік органдарынан көмек күтуде.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика