Жерлестеріміз бокстан Әлем Кубогын бағындырды

Ел қоржынында 5 алтын медаль бар. Соңғы алтын жүлдені Айбек Оралбай иеленді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық — сараптамалық порталы.

Айбек Оралбай
Фото: Қазақстанның Ұлттық Олимпиада Комитеті

Қазақстан құрамасының көшбасшысы Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде финалға шықты. Оның қарсыласы Германия елінің тәжірибелі боксшысы Никита Путилов болды. Отандасымыз Айбек Оралбай бірауыздан төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Оралбай өз салмағында әлемдік деңгейдегі басты фавориттердің бірі

Жалпы бұл екі боксшының алғашқы кездесуі емес. Бұған дейін олар былтыр Астанада өткен Әлем кубогының финалында да жолықан еді. Сол кездесуде де Айбек қарсыласынан айқын басым түсті. Аталға ауыр салмақта әлемдік бәсеке өте жоғары. Десе де, қазақстандық боксшы бірнеше жылдан бері жетекші спортшылар қатарынан бір сәтте түскен емес.

Турнир барысында Айбек Оралбай АҚШ спортшысы Нажай Райтты және Ұлыбритания өкілі Мэтью Уильямсты 5:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда бразилиялық Жоел Рамосты 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Жеңіл салмақтағы боксшы Санжар Тәшкенбай әлемдік аренадағы ең қауіпті боксшылардың біріне айнала бастады

Санжар Тәшкенбай
Фото: Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті

Оның жылдамдығы, техникалық дайындығы және тактикалық икемділігі көпті еріксіз таңдай қақтырады. 50 келі салмақ дәрежесінде Санжар Тәшкенбай финалда Азия чемпионы, өзіне бұрыннан таныс қарсылас – Өзбекстан өкілі Асилбек Жалиловпен қолғап түйістірді. Үш раунд бойы екі спортшы да жеңіс үшін барын салды. Нәтижесінде төрешілер 3:2 есебімен жеңісті Санжарға берді. Тәшкенбай турнир барысында қарсыластарын ойсырата жеңді. Ол ширек финалда Қырғызстан өкілі Анваржан Ходжиевті, жартылай финалда Испания боксшысы Мартин Молина Сальвадорды 5:0 есебімен жеңісті жұлып алды.

Бұған дейін әлем кубогының финалдық жекпе-жегінде Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Назым Қызайбай (54 келіге дейін), Виктория Графеева (60 келіге дейін) және Абылайхан Жүсіпов (70 келіге дейін) чемпион атанды. Ал Аида Әбікеева, Валерия Аксенова және Дина Исламбекова жарысты қола медальмен аяқтады.

Қытайдың Гуйян қаласында өткен бокстан Әлем кубогының кезеңі Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды. Бүгінгі жеңіс Қазақстан боксының жаңа дәуіріне қадам басқанын аңғартса керек. Бұл қазақ боксының әлеуетін көрсеткен нәтиже болды деуге келеді.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика