Алматыдағы көркемсурет галереясында суретші-мүсінші, дизайнер, фотожурналист Дәурен Мақсұтханұлының «Бейнеленген дүние» атты жеке шығармашылық көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Көрме қала әкімдігі мен ҚР Дизайнерлер одағының қолдауымен, «Алматы қаласы Музейлер бірлестігі» КМҚК мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ашылып отыр.
Аталған көрме ҚР Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, сондай-ақ фотография өнерінің пайда болғанына 200 жыл толуына орай және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесі аясында ұйымдастырылды.
Көрменің ашылуына Қазақстан журналистика академиясының президенті, ғалым, публицист, журналистика зерттеушісі, профессор Сағымбай Қозыбаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының Оқу және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Шыңғыс Ергөбек,
«Фотоөнер» Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фотожурналист Асылхан Әбдірайымұлы, Қазақстан Дизайнерлер Одағының президенті, профессор Қамбар Көшенов, ҚазҰАЗУ-дың Халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Рафис Абазов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Мүсін, кескіндеме және дизайн» факультетінің деканы, профессор Бауыржан Байділдә, осы оқу орнының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кескіндемеші Жұмақын Қайрамбаев, Халықаралық білім беру корпорациясы (KazGASA) Дизайн мектебінің деканы Тұрар Ұзақбаев, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, фотожурналист Нұрманбет Қизатұлы, «Болашақ» халықаралық білім беру орталығының экс-басшысы, Б.Өтемұратов қорының директоры Айнұр Кәрбозова, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы, кескіндемеші Өмірбек Жұбаниязов, аты аңызға айналған ардагер фотограф, қазақстандық фотосурет өнерінің мэтрі, «Медеу» фотоклубының президенті Валерий Коренчук, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, философ Жақыпбек Алтаев, Түркия-Қазақстан мәдени жобалар ұйымдастырушысы, профессор Мехмет Арслан мен өнер иесінің әріптестері, шәкірттері арнайы келіп қатысты.
Сонымен қатар, «Jurtmedia» ақпарат-сараптамылық порталының Бас редакторы, ҚР Ақпарат саласының үздігі, журналист Нұрболат Адырбек, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің Баспасөз қызметінің қызметкері Ақмарал Бейсебаева, «Qazaqstan» телеарнасы мен «Abai TV» телеарнасының түсірілім тобы, «Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы» газеттерінің журналистері мен басқа да БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсімді Алматы қаласының әкімдігіне қарасты «Алматы қаласы Музейлер бірлестігі» КМҚК қызметкері, Алматы галереясының директоры Алтынжан Сәрсенбайқызы құттықтау сөзбен ашты. Ары қарай құрметті меймандар өз кезегінде құттықтау сөздерін арнап, арнайы сый-сияпаттарын жасаса, ардагер фотожурналист Нұрманбет Қизатұлы бата берді.
Құттықтау сөздерден кейін қадірменді қонақтар көрме лентасын қиды.ары қарай Мәдениет саласының үздігі, әнші, қобызшы Меруерт Ақанаева келушілерді әсем әнімен тәнті етті. Одан кейін Талдықорғаннан арнайы келген автордың анасының әпкесі Коммуна Қабылханқызы қазақы салтпен шашу шашты.
«Бейнеленген дүние» көрмесінде автор бейнелеу өнерінің әртүрлі жанрлары мен бағыттарын қамтып, фотосурет және деректі фильмдер арқылы әлемді өзіндік көркемдік көзқараспен таныстырған.
Көрме мазмұны тарихи сабақтастықты, әлемдік мәдениет пен өнер арасындағы үндестікті айқындап, ұлттық мұраны заманауи өнер тілі арқылы пайымдауға мүмкіндік береді.
Көрмеге 1999 жылдан күні бүгінге дейінгі аралықта дайындалған ағаш, қола және өзге де материалдардан жасалған мүсіндік туындылар, майлы бояумен салынған кескіндеме жұмыстары, түрлі жобаларға арналған дизайнерлік әзірлемелер, АҚШ, Түркия, Өзбекстан және Қазақстанда түсірілген сәулеттік фотосуреттер, сондай-ақ адамзаттың «Екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми мұрасына арналған деректі фильмдер топтамасы ұсынылған. Жалпы экспозиция 80-нен астам авторлық шығарманы қамтиды.
Дәурен суретші-мүсінші, дизайнер, фотожурналист ретінде қалалық, республикалық және халықаралық байқаулар, көрмелер мен симпозиумдарға, экспедицияларға тұрақты қатысып келеді. Сонымен қатар, қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі көрмелер мен байқаулардың ұйымдастырушысы және кураторы.
Айта кетейік, Дәурен Мақсұтханұлы Мұхамеджанов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі (NYFA, АҚШ), ҚР Дизайнерлер Одағының, Еуразиялық Дизайнерлер Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Фотоөнер» Қоғамдық бірлестігінің Вице-президенті.
Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының және Қазақстан Журналистер Одағының фототілші Р.Ханалы атындағы сыйлығының иегері, ҚР Ақпарат саласының үздігі, өнертану ғылымдарының магистрі, PhD докторант.
Бүгінгі таңда Халықаралық білім беру корпорациясы (ҚазБСҚА) Дизайн мектебінің Сәулет-құрылыс дизайны кафедрасының ассистент-профессоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы ретінде он жылдан астам уақыт бойы шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұстаз.
Өнер саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Бейнелеу өнері, дизайн, фотосурет және сәулет саласындағы халықаралық ғылыми журналдарда және Scopus рейтингтік басылымдарында 30-дан астам ғылыми мақалалары мен бірнеше кітаптары жарық көрген.
Көрмені 15 мамырға дейін келіп тамашалауға болады. Кіру тегін.


