Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева талапкерлер бұрынғыдай екі мәрте бақ сынай алмайтынын айтты,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Вице-премьердің сөзінше, ҰБТ-ны тұтастай жаңғыртып, оны бір рет тапсыратындай етіп бекіту қажет.
Бұл грант конкурсына қатысу үшін объективті әрі ең басты баға ретінде қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар білім деңгейін өзін-өзі бағалау және дайындық әдістерін уақытылы түзету үшін сынақ тестілеу жүйесі сақталады,-деді ол.
Сонымен қатар ол жоғары оқу орындарына дайындық бағдарламалары (Foundation) арқылы шартты түрде қабылдау жүйесінен бас тарту қажеттігін алға тартты.
Оның пікірінше соңғы көрсеткіштер бойынша шартты түрде қабылданған студенттердің шамамен 50-60 пайызы оқу жылы ішінде ең төменгі шекті баллды жинай алмаған.
Сондықтан талапкерлердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы аса маңызды. ҰБТ жүйесін өзгерту – тестілеуден бас тарту емес екенін тағы да атап өткім келеді. Бұл – дарынды талапкерлерді анықтауға, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам,-деп атап өтті А. Балаева.
