Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан продюсер Баян Алагөзованың «Қыз Жібек» фильміндегі киіміне қатысты жариялаған жазбасына пікір білдірді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Ведомство жауабында «Қазақфильм» киностудиясының музей қорында «Қыз Жібек» фильмінде пайдаланылған бір камзолдың түпнұсқасы сақтаулы екенін айтқан.
Бұл жәдігер ұлттық кино өнерінің маңызды мәдени мұрасы ретінде қорғалған. Ал продюсер жариялаған жазбадағы екінші камзолдың жеке қолға қалай өткендігі анықталуда. Екіншіден, «Қазақфильм» киностудиясы ұлттық фильмдерде пайдаланылған құнды реквизиттерді, костюмдер мен басқа да тарихи маңызы бар заттарды жүйелі түрде жинақтап, қалпына келтіру және сақтау жұмыстарын жүргізіп келеді,-делінген министрлік жазбасында.
Олардың айтуынша бұл бағыттағы жұмыс ұлттық мәдени мұраны келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Үшіншіден, қазіргі уақытта «Қазақфильм» жанынан заманауи талаптарға сай келетін ауқымды музей ашу жоспарлануда. Аталған музейде отандық кино тарихына қатысты бірегей экспонаттар қойылып, келушілерге кеңінен таныстырылатын болады. Министрлік мәдени құндылықтарды сақтау және қорғау мәселесіне ерекше мән береді,-деп жазды ведомство.
Фото: NUR.KZ
