Бір жылда 838 млрд. теңгеден астам инвестиция: Шығыс Қазақстанның шырайы кіріп келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановты қабылдап, өңірдің жан-жақты даму қарқынымен танысты,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Облыс басшысы Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен орнықты өсімін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, өткен 2025 жылдың қорытындысына сәйкес ШҚО-да оң динамика байқалған.

Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 838 миллиард теңгеден асып отыр екен.

Инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда салалары өсім көрсетіп отыр.  Инвестициялық портфельде жалпы саны 101 жоба бар.

Оның ішінде құрылыс жұмыстарының көлемі 460 миллиард теңгеге жуықтады. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 550 миллиард теңгеден, ал сауда саласында 2 460 миллиард теңгеден асты.

407 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деңгейінде тұрақтап, 29 мың адам еңбекпен қамтылды. Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында биыл 17 440 жұмыс орнын ашу (І тоқсанның қорытындысы бойынша 3 317 жұмыс орны ашылды) қарастырылып отыр,-деді Сақтағанов Тоқаевқа берген есебінде.

Әлеуметтік салада арнаулы әлеуметтік көмек алушылар саны да  азайып келеді.

Ауылдық аумақтарды дамыту және қоныстанушыларды қолдау бағдарламалары, соның ішінде «Шығыс шақырады» өңірлік жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Шығыс Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғыртуға баса мән беріледі. Былтыр ұзындығы 856 шақырым болатын жолдар мен көшелерде жөндеу жұмыстары аяқталды.

Мемлекет басшысы өз кезегінде аймақтағы экологиялық ахуалды жақсарту, экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту және өңірдегі туризмді дамыту жұмыстарын жалғастыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика