Көкпардан Қазақстан құрамасы әлем чемпионы атанды

Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесінде киелі Түркістан қаласында көкпардан әлем чемпионаты мәресіне жетті,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.  

Финалдық кездесуде Қазақстан құрамасы Өзбекстан командасынан 9:2 есебімен басым түсіп, әлем чемпионы атанды.

Ақтық кезеңде қазақстандық көкпаршылар жоғары шеберлік пен командалық үйлесімділік танытып, тартысты өткен бәсекеде басымдыққа ие болды.

Осылайша, ұлттық құрамамыз 9 жылдық үзілістен кейін қайта ұйымдастырылған әлем чемпионатында топ жарып, алтын жүлдені еншіледі. Екінші орын Өзбекстан командасының еншісінде, ал үздік үштікті ауғанстандық көкпаршылар түйіндеді. 

Айта кетейік, халықаралық додаға әлемнің 9 елінен командалар қатысты. Олар: Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан.

Турнир барысында қазақстандық спортшылар барлық кезеңде табанды ойын өрнегін көрсетіп, финалға сенімді түрде жетті деуге болады.

Жарыс Дүниежүзілік Көкпар қауымдастығы мен Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы қолдауымен ұйымдастырылды.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика