Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен басталған «Балуан тас сапары» экспедициясының екінші күні де өңірдегі тарихи орындарды зерттеуге арналды,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Іс-шара ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» мәдени-танымдық жобасы аясында ұйымдастырылуда.
Жобаның авторы – күш мәдениетін зерттеуші, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясының президенті Абылайхан Қалназаров.
Бағдарлама Бәйдібек ата мен Домалақ ана кесенелеріне зиярат етуден басталды. Одан кейін қатысушылар Байжансайдағы «Балуан тас» шатқалын зерттеді. Экспедиция мүшелері Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы барысымен танысып, батыр Есіркеп Қойгелді есімімен байланысты Ақмешіт әулие үңгіріне барды.
Ауданда балуан Сәрсеннің Балуан тасын іздестіру жұмыстары жүргізілді. Яғни ол туралы деректер сақталғанымен, тас қазіргі таңда табылмай отыр. Сонымен қатар Алмалы ауылының маңайында басқа да күш тастарын анықтау мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Сапар барысында тарихы бай Созақ ауданында орналасқан Ысқақ баба және Баба Түкті Шашты Әзіз кесенелеріне зиярат етілді. Шолаққорғандағы Сұлтанбек Қожанов атындағы музейде зерттеу нысаны ретінде Қажымұқан Мұңайтпасұлының соғыс жылдары осы өңірде өнер көрсеткен кезде пайдаланған ойын тастарының фрагменттері қарастырылды.
Сондай-ақ қатысушыларға Балуан тас – Қызылтас тарихы таныстырылды. Ол арқылы Кенесары батырдың інісі Наурызбай мен Қоңырат Ер Төлебай күш сынасқан. Қазіргі таңда түпнұсқа тас жоғалғандықтан, «Baluan tas» академиясының ұсынысымен оның орнына муляж орнатылған.
Бұдан бөлек топ мүшелері мұнда жаңадан салынған аудандық кітапхана ғимаратында болып, Шолаққорғанға биыл жеткізілген жергілікті газ жүйесінің жұмысымен де танысты.
Екә аудандағы сапар қорытындысы кезінде экспедиция мүшелері жергілікті ақсақалдардан бұрын белгісіз болған көптеген деректерді жазып алды.Нәтижесінде «Қазақ күшінің картасына» 2 нақты Балуан тас дербес нысан ретінде енгізіліп, әрқайсысы бойынша толық мәліметтер дерекқорға тіркелді.
Егер біз Балуан тастарды жедел түрде іздеп тауып, олардың тарихын сипаттап, жүйелемесек, кеш болады. Мұндай тастар онсыз да аз сақталған, әрі күн сайын азайып келеді. Барды сақтау, жоғалғанды кем дегенде ақпараттық деңгейде қалпына келтіру және бұл нысандарға ұлттық идеологияда лайықты орын беру қажет, – деп атап өтті Абылайхан Қалназаров.
Айта кетейік, экспедиция жұмысы 21 наурызға дейін жалғасып, Отырар, Сауран аудандарын және Түркістан қаласын қамтиды. Бұған дейін іздестіру жұмыстары Сайрам және Ордабасы аудандарында жүргізілген болатын. Қатысушылар құрамы мұқият іріктелген.

