«Балуан тас» экспедициясының Түркістан облысына сапары басталды

Ол ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» мәдени-танымдық жобасы аясында жүзеге асырылуда,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясы аймақтың Сайрам, Ордабасы аудандарынан басталды. Топ жетекшісі «Baluan tas» академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров.

Ибрагим ата, Қарашаш ана, Бибіғияс ана кесенелеріне зиярат етумен Шымкент қаласынан басталған іс-шара Сайрам ауданы аумағында жалғасын тауып, Нанжемес балуанның көтерген символдық Балуан тасын зерттеп зерделеуге ұласты. Сондай-ақ экспедиция мүшелері аудандағы бірқатар өндіріс орындары иелерінің қонақ етіп шақыруымен, оның ішінде «GenGroup Qazaqstan» ЖШС-ның банан плантацияларын аралап, таңсық жеміс дәмін татты.

Мұнан әрмен қарай сапар барысында Ордабасы ауданындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы кесенесіне зиярат етіліп, палуан бабаның қарашаңырағын иеленіп отырған ұрпақтары қолындағы жәдігерлер зерттеу мен насихат нысанына айналды. Атап айтқанда, палуанның арбасының бел темірі, ожауы, су құйар ыдысы, сырнайы және шабаданы қызығушылық тудырды.

Топ мүшелері палуан ұрпақтары аузынан нешеме тың деректерді жазып алып, жаңа ғимаратқа көшіп, көркемдік-технологиялық құрылымы жаңғыртылған Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейіне бас сұғып, мұнда жинақталған 8 Балуан тастың тарихына қанықты.

Осы орайда аталмыш музейде жергілікті зиялылар мен спортшылар алдында «Baluan tas» академиясының кезекті бір жобасы – «Күш лекциясы» беріліп, Ұлы даланың күш мәдениеті мен батыр-балуандардың тарихи тізбегі жарияланғанын атап өткен жөн. Бұл қатарда Түркістан облысының белді жазушылары – Асан Тұрабаев пен Ілесхан Байжановқа ұлт руханиятына сіңірген еңбегі үшін «Балуан тас» төселгілері тағылып, «Рухани палуан» атақ-дәрежесі берілді.

Балуандық тек қана қара күшпен өлшенбейді. Оның рухани және қайраткерлік қабаттары бар. Балуан тас та тек қана физикалық түрде көтерілмейді. Ол да тұтас бір философия болғандықтан, басқа да салаларда символдық тұрғыда көтеріле береді. Екі ағамыздың атқарған ісі жүздеген адам жұмыс істейтін үлкен зерттеу институттарына бергісіз. «Ұлылардың бағасын халық бергенімен, сыйын жеке ерлер береді» деген бар. Біздікі соған ишара, – деді Абылайхан Қалназаров.

Бүгінгі күннің қорытындысы бойынша «Қазақ күшінің картасына» 1 символдық Балуан тас және 8 заттық Балуан тас жеке-жеке нысандар ретінде енгізіліп, әрбірінің толық мағұлыматы ақпараттар базасына тіркелді.

Айта кетейік, бұл сапар 21 наурызға дейін жалғасады және әрмен қарай Бәйдібек, Созақ, Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласында өтеді.

Қатысушылар құрамы өте іріктелген. Сапарға арнайы жасақталған «Балуан тас» журналистер мен блогерлер пулының тұрақты өкілдері, ғалымдар мен спортшылар бар. Мысалы, Зейін Әліпбек бастаған тілшілер мен блогерлер қосыны және Серік Ерғали бастаған ғалымдар шоғыры. Спортшыларды әйгілі балуан Арман Сүлеймен бастап жүр.

Тағы бір айта кетерлік жайт, «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» жобасының тұсауы былтыр наурыз мейрамында елордада кесілген болатын. Бұған дейін жоба аясында Ақтөбе және Павлодар облыстарына экспедициялар ұйымдастырылып, алғашқы ғылыми-мәдени деректер жинақталды.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика