Бүгін Алматыда «Қайрат» –пен «Ақтөбе» командалары арасында өтетін футбол матчы кезінде полиция қызметкерлері стадион аумағында және оған іргелес аумақтарда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдамақ, — деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдиновтың айтуынша, спорттық іс-шара барысында қоғамдық тәртіп қатаң бақылауда болады.
Матч өтетін күні стадион мен оған іргелес аумақта қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіледі. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосымша полиция күштері жұмылдырылады, – деді ПД бастығы. Сондай-ақ ол жанкүйерлерді стадиондағы ережелерді сақтауға шақырды. – Футбол – эмоция, қолдау және өз командаңа деген адалдық. Алайда баршаға ортақ бір қағида бар: заң мен тәртіп кез келген эмоциядан биік тұрады. Агрессия, арандату, балағат сөздер, қорлау, бұзақылық әрекеттер, сондай-ақ тыйым салынған заттарды пайдалану – мүлде жол берілмейтін әрекеттер. Мұндай жағдайларда полиция тарапынан жедел шаралар қабылданады. Құқық бұзушылар анықталып, әрбір дерекке құқықтық баға беріледі, – деп атап өтті А. Кабдулдинов.
фото: Polisia.kz.
