Елордадағы №35 мектеп-лицейінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұлұлы ғұмырнамасына арналған мұражайдың ашылуына орай «Нәзір ғұмыр – тәлім ғұмыр» атты салтанатты жиын болып өтті, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Өзінің аты берілген мектеп ішінен ашылған мұражайға тұлғаның бірқатар жәдігерлері қойылған.
Жиынға орталық мемлекеттік органдар басшылары мен қызметкерлері, нәзіртанушы ғалымдар, елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері, мен тұлғаның ағайын-туыстары қатысты.
Атап айтқанда, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Ерлан Жетібаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев, Саудияның Қазақстандағы елшілігінің хатшысы Ғассан Әл-Әхмади, ардагер дипломат, профессор, Нәзір Төреқұлұлын кеңес заманында алғашқы насихаттаушылардың бірі Сайлау Батыршаұлы және басқа да азаматтар болды. Іс-шараны нәзірлік ұйымдастыру комитетінің өкілі, саяси ағартушы технолог Абылайхан Қалназаров жүргізді.
Бас қосудың мақсаты – өскелең ұрпаққа Нәзір Төреқұлұлының ел тарихындағы айрықша орнын, оның ағартушылық, дипломатиялық және мемлекетшілдік мұрасын кеңінен таныту, тұлғаның өнегелі өмір жолын білім беру кеңістігінде насихаттау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оның кейінгі буындарға рөлдік модел болуға әлеуетті жоғары стандартты күрескерлік жолының оңды тұстарын жоғары бағалап;
Ұлт намысын биік ұстанған Алаш алыптарының есімдерін халқымыз қашан да құрметпен еске алады. Нәзір Төреқұлов – ел жадында сақталған тұлғалардың бірі, белгілі мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат, – деп оң баға берген болатын.
Іс-шара Түркістан облыстық Тарихи-мәдени-этнографиялық орталыққа қарасты Нәзір Төреқұлов музейінің «Ұлт рухын көтерген тұлға: Нәзір Төреқұлов» атты астаналықтарға арналған Көшпелі көрмесі, театрландырылған әдеби композициядан басталып, әрмен қарай музей мен кеуде мүсінінің лентасын қиюға ұласты.
Бұдан әрмен мұражай ішінде экскурсияға жалғасып, «Н.Төреқұлов – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби елші» атты ғылыми конференциямен айшықтала түсті. Конференцияға модераторлық жасаған Қуаныш Айтаханов, тұлға туралы;
Ол Түркістан өңіріндегі Қандөз ауылында туып, Ташкентте білім алып, Қоқанда мақта саудасымен айналысқан кәсіпкер Төреқұл отбасында 1892 жылы дүниеге келген. Нәзір 1900-1903 жылдары Қоқандағы медреседе, 1903-1905 жылдары осындағы орыс-түзем мектебінде оқыған. 1905-1913 жылдары сондағы коммерция училищесін бітіріп, Мәскеудегі коммерция институтына оқуға түседі. Бірақ 1916 жылғы маусымның 25-індегі патша жарлығы бойынша майданның қара жұмысына алынған жерлестеріне көмек көрсету мақсатымен оқуын тастап, Батыс майданына барады. Осы жерден оның аңыз ғұмыры басталды, – деді.
Одан кейін «Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қорының президенті, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Жаппар Жұман «Нәзір Төреқұлов – реформатор, ағартушы, ғалым», көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, Нәзір Төреқұлов шығармашылығын алғаш ғылыми тұрғыда зерттеуші Жолтай Әлмашұлы «Нәзір Төреқұлұлының рухани мұрасы», ҚР Ұлттық музейінің қор қызметі жөніндегі орынбасары Әлібек Күзербаев «Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Төреқұловтар жерленген орын – «Коммунарка» жөнінде» баяндамаларын оқыды.
Сонымен қатар конференция барысында, ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Ерлан Жетібаевтың Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың, «Аманат» партиясы Орталық аппаратының Саяси жұмыс департаменті басшысы Нұрбек Кеңесбайұлы партия басшылығының құттықтау хаттарын оқып берді.
Тұлға атындағы тағайындалған алғашқы қаржылық стипендия білім ошағының үздік оқушылары, Айсана Тукпиева, Айсәуле Сундетова, Бейбарыс Айтказиновке табысталды.
Бұл қадамдарға өз ризашылығын білдірген Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейі директоры Зәуреш Адильбекова баршаға алғыс айта отырып,
Мұндай бастамалар бізге қанат бітіреді. Балалар өз мектебінің атын иеленген тұлғаға қарап бой түзеп, асқаралы биіктерді бағындырады, – деп атап өтті.
Саяси ағартушы технолог Абылайхан Қалназаров болса,
Британдық жазушы Уэллс Герберт: «Уақыт машинасы әрқайсымызда бар: өткен шаққа – естелік, болашаққа – арман апарады» депті. Сол Нәзірдей ұлылар жасаған дәуірлерге – өткен шаққа апара алатын кезекті уақыт машинасы – музей мен кеуде мүсін ашуға арналған айтулы іс-шара осының бір дәлелі-деген пікір айтты.
Жиын барысында «Нәзір Төреқұлұлы жолы» деректі фильмінің тұсауы кесіліп, алғаш рет көрерменге жол тартқаны бұл іс-шараның идеологиялық-тәлімдік негіздемесінің беріктігін көрсетті Деректі фильмнің сценарийін белгілі жазушы, журналист, зерттеуші Жарылқап Бейсенбайұлы мен Абылайхан Қалназаров жазған. Ол туынды ұлы тұлға биографиясының бұрын-соңды қозғалмаған қабаты – түркілік масштабтағы қайраткерлігі мен Алашорда өкілдерімен мұраттастығын көрсете білуімен құнды.
Жиын соңында тұлға әруағына құран бағышталып, ас берілді.
Айта кетейік, бұл бастамаға «Нәзір Төреқұлов» халықаралық қайырымдылық қоры, елордадағы Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейі, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы және тұлғаның ағайындары мен жерлестері бастамашы болған.
Бүгінде Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Түркістан, Жетісай қалалары мен Түркістан облысы, Шолаққорған ауылында көшелер мен мектептерге Нәзір Төреқұлов есімі берілген. Астанада Нәзір Төреқұлов атындағы мектеп-лицейі бар. Тіптен, Түркістанда оның есімі берілген мешіт-медресесі жұмыс істейді. Белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы-дипломат, ғалым Тайыр Мансұров тұлға өмір жолын терең зерттеп, зерделеп, орыс, ағылшын, қазақ тілдерінде бірнеше кітап шығарды. 2004 жылы Тайыр Мансұровтың Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» (Тамаша адамдар өмірі) сериясымен «Полпред Назир Турекулов» деген көлемді кітабы жарық көрді. 2006 жылы Сауд Арабиясы Корольдігінің Сыртқы істер министрі Сауд әл-Фейсалдың бастама етуімен бұл кітап араб тіліне аударылып, 10 мың тиражбен басылып шықты. 2014 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дипломат Нәзір Төреқұлов және араб зерттеулері орталығы ашылды. Қазақстанда тұңғыш кәсіби қазақ дипломатына, оның мұрасын зерттеуге арналған республикалық деңгейде ғылыми конференциялар, сондай-ақ өзге де маңызды іс-шаралар өтіп тұрады.
Фотолар: Нәзір Төреқұлұлы өзі пайдаланған жол сөмкесі мен үстел сағаты.



