Қазақстанның Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов «Астана» футбол клубы жеке меншікке өтетіндігін мәлімдеді, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Ведомство басшысының айтуынша клубқа иелік ететін инвестор қазірдің өзінде бар көрінеді.
«Астана» — біздің белгілі бір тарихы бар клубымыз. Ол белгілі бір жетістіктерге жетті. Оны осы күнге дейін бір ғана оператор, Sport Qory қаржыландырып келген. Бірақ биыл біз клубты коммерцияландыруды жоспарлап отырмыз, себебі клуб халықаралық деңгейде танылған. Біз бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз, және инвестор қазірдің өзінде бар. Түрлі құжаттық процедуралар аяқталғанша, мен ол туралы мәліметтерді ашық айта алмаймын, бірақ инвестор қазірдің өзінде бар», — деді Мырзабосынов үкіметте өткен бүгінгі брифингте.
Министр бүгінге дейін бес қазақстандық футбол клубы коммерцияландырылғанын және қалған жетеуі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Біз клубтарды толықтай қамтамасыз ете алатын инвесторларды іздеп жатырмыз», — деп қосты спорт министрі.
