Әскери сарапшылар Ресей мен Польшаның арасында қалыптасқан қиын жағдайға тоқталды. Сарапшылардың сөзінше, екі ел арасында тікелей соғыс қаупі жоқ. Алайда Варшаваның аяқ астынан 10 мың адамды жұмылдыру туралы шешімі – ең алдымен елдің өзін қауіпсіздік тұрғысынан дайындау қадамы, деп хабарлайды Jurtmedia ақпаратттық-сараптамалық порталы.
Польша Украинадағы жағдайды жіті бақылап отыр. Өйткені екі елдің шекарасына жақын аймақтар бар, ал Украинаға баратын әскери және гуманитарлық көмектің негізгі бөлігі дәл Польшаның аумағы арқылы өтеді.
Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов теміржол инфрақұрылымында болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты Премьер-министр Дональд Туск көтерген мәселеде шындық бар екенін жоққа шығармайды.
«Ресейдің барлаушылары немесе олардың агенттері Польшадағы теміржол қызметкерлерін ақша немесе басқа да тетіктер арқылы өз жағына тартуға тырысып жатыр деген ойдамын. Бұл Польшаға тікелей зиян келтіру үшін емес, Украинаға жеткізіліп жатқан көмектің жолын әлсірету мақсатында жасалуда», – деді ол.
Польшаның Украинаға жақын аймақтарында қоймалар мен логистикалық орталықтар орналасқан. Көмек теңіз порттарынан бастап, авиация және теміржол бағыттары арқылы жеткізіледі. Украинада жемқорлық тәуекелдері бар болғандықтан, бұл процестерді Польша тарапы мұқият қадағалап отырады.
Батыс сарапшыларының пайымдауынша, Ресейдің басты мақсаты – Еуропаның Украинаға қолдауын азайту. Осылайша майданда тактикалық басымдық алуға тырысады.
Сейітбатталов Дональд Трамптың соңғы позициясы да жағдайға әсер ететінін атап өтті.
«Трамп бұрын Украинаға ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандар беру мәселесіне келісім берген еді. Қазір оның бейбітшілік жоспарының 28 тармағын қайта қарауы ықтимал. Егер бұл өзгерістер жүзеге асса, Ресейдің Польшаға қатысты қысымы да бәсеңдеуі мүмкін», – дейді ол.
Дегенмен, сарапшы Ресей тарапынан диверсиялық әрекеттер мен түрлі провокациялар жалғаса беруі мүмкін екенін айтады. Бірақ олардың ешқайсысы кең ауқымды соғысқа ұласуы екіталай.
«Ресей НАТО-ға да, Балтық елдеріне де тікелей шабуыл жасамайды. Өйткені болашақ бейбіт келісімдерде бұл факторлар ескеріледі. Қазір Ресейдің жасап жатқан әрекеттерінің көбі – блеф. Бір жылдан, ары кетсе бір жарым жылдан кейін олардың әскери және экономикалық ресурстары әлсірей бастайды. Қазірдің өзінде Ресейдің шынайы жағдайы анық көрініп тұр», – деді Сейітбатталов.
