Назарбаевтың қайын атасы басқарған университеттен ақша жымқырылғаны анықталды

Алматы қаласының прокуратурасы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін тексеру қорытындысы бойынша жалған тұқым себу және егіс алқаптарын өңдеу арқылы бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады, — деп хабарлады Jurtmedia.kz. 

Келтірілген шығын 43,8 млн теңгені құрайды, тергеуді Алматы қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы жүргізуде.

Ол аздай прокурорлық тексеріс кезінде осы оқу орнына қатысты тағы бір қылмыстық  жағдай анықталған.

Университетке тиесілі 7,9 миллион теңгеге коммерциялық үй-жайларды жалға беру кезінде алаяқтық фактілері ашылды. Екі іске де қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Медеу ауданының Полиция бөліміне тапсырылды, — деп жазды Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, аталған Қазақ ұлттық аграрлық университетінде  тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қайын атасы Тілектес Есболов 2008- жылдан  2023- ші  жылғы қыркүйекке  дейін Басқарма төрағасы-ректор болған.  Ол экс-президенттің екінші әйелі Әсел Исабаеваның әкесі.

Фото: ашық дереккөзден.